Аймағамбетов ҰБТ нәтижелерін бағалау жүйесінің өзгеретінін айтты

0

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда ҰБТ нәтижелерін бағалау жүйесі аздап өзгеретінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Бірнеше жыл бұрын біз ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер рейтингін өткізуге тыйым салу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ мектептер оқушыларды ҰБТ-ға тіркеу және өтініштер жинау міндетінен босатылды. Мұның бірнеше себебі болды. Оның ішінде – мектеп басшыларының 10-11 сынып оқушыларын тест сұрақтары бойынша басқа пәндерге зиянын тигізе отырып, жасанды түрде тартуға шектен тыс ұмтылысы, өтініштерді жинауда мұғалімдерге қосымша жүктеме.

Бұл нені білдіреді? Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады. Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасаймыз», – деді министр.

Сонымен қатар нақты пәндер бойынша мектеп тұрғысынан да, аудан, облыс және жалпы республика бойынша да осындай талдау жүргізілетінін айтты.

«Бұл не береді? Бұл шешім тестілеушілерге қандай тақырыптарға назар аудару, қандай тақырыптарды күшейту керегін көруге мүмкіндік береді. Яғни сынаққа қатысушылар қазірдің өзінде өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөліп, қателермен жұмыс істей алады. Сонымен қатар мұғалімдер де оқушылардың қандай тақырыптарда қиналғанын көреді. Мектепті алатын болсақ, мысалы, математика пәні мұғалімінің оқушыларының бір бөлігі кейбір есептерді нашар шығаратынын байқауға болады. Талдау себептерді анықтауға септігін тигізеді. Дәлірек айтқанда, мұғалімнің өзі түсіндіруде қиналатыны не бағдарламада уақыт жеткіліксіздігі, оқулықтағы сұрақтар мәселесі және т.б.» – деді Аймағамбетов.