Әйгілі Зуқа батырдың немересі дүниеден озды

0

Түркиядағы Қазақ ағайындардың От анасы атанған, ел құрметтісі Фазила Сұлтаншәріп қызы Зуқа 90 жасында Ыстанбұлда өз шаңырағында өмірден өтті. Алла алдынан жарылқасын!
Фазила апамыз 1935 жылы Алтай өңірінде дүниеге келген. Текті әулеттің ұрпағы, Қазақтың туын көтерген Керей атаның бел баласы атақты Зуқа батырдың немересі. Әкесі Зуқа батырұлы Сұлтаншәріп рубасы, би, болыс дәрежесінде өңірдің әкімі болған. 1938 жылы Алтай өңірі Баркөлден Шыңхай, Хаскөл елді мекендері арқылы 1951 жылы Кәшмирге, үлкен көш ауыр қиыншылықпен азапты күндермен Такламакан шөлін басып, Гималай асып Кашмирге табан тіреді. Әрине, сол замандағы солақай саясаттың кесірінен әрі қарай 1953 жылы Түркиядан пана тапты. Осы үлкен көштің басы-қасында Елісхан батыр мен бірге Зуқа батыр ұлы Солтаншәріптің жүргені тарихтан белгілі.
Ал, Зуқа батыр 1929 жылы Алтайда өмірден өткен еді. Түркияға үлкен көшпен келген ағайындардың үкіметке, оның басшысы Адынан Мендереске ризашылығы шексіз. Фазила апаның жолдасы Хамит қажы текті әуелттің тұяғы. Әкесі Жанымхан Тілеубайұлы Алтай, Тарбағатай, Баркөл аймағына белгілі де беделді үкімет адамы еді. Шығыс Түркістанда қаржы минстрі қызметін атқарған. Өнегелі отбасы.

Жанымхан Тілеубайұлының 3 ұлы Дәлелхан, Хамит, Мәжит есімді ұлдары қоғам өміріне белсене қатынасты. Дәлелхан Жаналтай өте білімді, сауатты, 5 тілде еркін сөйлейтін мемлекет қайраткері. Тайванда Шан Каи Ши армиясында полковник дәрежесінде әскери қызметін атқарды. Тайван үкіметінде бірнеше жыл Жоғары Кеңестің депутаты болды. Сол кезде депутат Дәлелхан Жаналтай Түркиядан 30 қазақ баласын Тайванда тегін оқытты. Олардың араснда атақты Мұстафа Кәбенұлы Өзтүрік, Әлихан, Бәшір, Ниғат есімді т.б қазақ балалары білім алды.
Дәлелхан қажы Жаналтай Түркияға көшіп келгенен соң, ағайындарға басшылық жасады. Бағжылар ауданындағы Қазақ кент ауыл аймағын тұрғызуға ат салысты. Төлеген қажы, Мәнсүр Тәйжі т.б жұмысты ұйымдастыруға көмектескенді. Дәлелхан қажының жан-жары Назима апа өткен жылы 92 жасында Ыстанбұлда өмірден озды. Ұлы Әлихан Жаналтай Алманияда тұрады. Көп жыл «Азаттық» радиосында еңбек етті.
Хамит қажы мен Фазила апа 4 бала тәрбиеледі. Үлкені Зылиха Жаналтай Астанада тұрады, одан кейін Бәшір Жаналтай Лондонда «ВВС» халықаралық радиода тілші болып қызмет атақарды. Қазір кәсіпкер, Түркияда, Тайванда, Ұлыбританияда жоғары білім алған. Бәшірдің жолдасы Қажима белгілі әулеттің ұрпағы, әкесі Арыстан қажы Тосын Қазақтың «Қара жорға» биін нәсихаттаушы. Көп жыл Берлинде Алманияда почта байланыс саласында еңбек етті. Зейнет жасына шыққаннан соң, Еліміз Тәуелсіздің алғанан соң Алматы қаласы маңындағы Райымбек ауылына өз қаражатымен мешіт салды.

Ахметі жоғары білімді машина жасау инженері. Тайра Жаналтай Қара есімді қыздары Анкара университеті биология мамандығы бойынша оқып, Лондонда «Оксфорд» университетінің ағылшын тілі факультетінде докторантура оқыды. Жолдасы Ыстанбұлдағы Қазақ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан университетінің оқытушысы, белгілі ғалым, жазушы 40 кітаптың авторы Абдулваһап Сүннет қажыұлы Қара.
Фазила апа өте ақылды, көпшіл, жүрегінде иманы бар, қолы таза, қамқор, құранды толық жаттаған «хафиз» ана. Қазақтың ауыз әдебиеті жыр дастандарын да жақсы білетін еді. 1952 жылы Кәшмирде Американың журналистері арнайы келіп Фазила ападан сұхбат алып, суретке түсірген еді. «National Geograpchic» -тің 1954 жылғы санынан бастап талай зерттеу, кітап, теле хабар, сұхбат, деректі филімге арқау болған. Күллі қазаққа өткен күннің сөзін жеткізген. Зердесіне сыр тұнған жан еді. Аталарының аруаған ардақтау, мерейін арттыратын істе алда жүретін.
Астанада 2016 жылы Зуқа батырдың 150 жылдығына арналған танымдық жиынға қатынасып, Фазила апа сөз сөйледі, ой бөлісті. Кітаптің тұсаукесер лентасында кескен болатын. Сондай-ақ, Қазақстанда қоғам қайраткері Дәлелхан Жаналтайдың 100 жыл толуына орай өткізілген жиынға да арнайы қатынасып, естелік кітапты «Қиын күндер – қиын заман» тақырыбындағы шығарманың Түрік тілінде аударылған тұсаукесер шарасындағы керме жіпті кескен де осы Назима апа мен Фазила апалар еді. Міне тірі тарих.

Фазила апайдың өмірден озуына орай Жаналтай әулетінің қара шаңырағы атанған Дәлелхан қажының үйінде ұрпақтарына көңіл қосын білдіруге көп адам жиналды. Ыстанбұлдағы Қазақстан Бас консулы Нұриддин Аманқұл Түркиядағы Қазақ елшісі Еркебұлан Сәпиевтің көңіл айту хатын тапсырды. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың және «Отандастар» қорының төрағасы Абзал Сапарбекұлынан көңіл білдіру хатын Қауымдастықтың Түркия өкілі, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ыстанбұлда бірінші Қазақ консулы қызметін атқарған Ержан Уәйіс табыстады.
90 жастағы Алманияда Көлін қаласындағы Қазақ қауымдастығының құрметті төрағасы Абдурахман Шетин, Қазақстаннан келген Алманияда көп жыл қызмет еткен 87 жастағы Арыстан Тосын, Швецариядағы Цурих қаласындағы Қазақ қауымдастығын құрушы Қаблан Тосын, Қазақ-Түрік қоғамының көрнекті өкілдері 90 жастағы Жәлел Инан, 80 жастағы Мәнсұр Тәйжі, Фазыл Топлы, Абдуқайым, Түркияда заң университетін бітірген Қазақ оқымыстылары, белгілі заңгерлер Хамит Ербаш, Нұрабдолла Жәдік т.б тілек қосынын білдірді.

Сонымен бірге, Фазила апаның балалары Бешір Жаналтай, Тахира Жаналтай, профессор Абдулваһап Қараның атына Бағжылар ауданы әкімдігінен, Франциядағы Қазақ қауымдастығының төрағасы Абулсамет Алтайдан, алманиядағы Қазақ кәсіпкері Бешритхан Малабақанан, Лондондағы Қазақ қауымдастығының төрағасы Абусамет Саваш, Париждегі «Мұстафа Шоқай» қорының төрағасы Яшар Дініш, Көліндегі мәдениет орталық басшысы Сәдиа Сүрер, Моңғолиядағы Қазақ қауымдастығы өкілінен, Түркия Маниса, Салихалыдағы Қазақ қауымдастығынан, Измир «Алаш» ауылында тұратын қоғам қайраткері Шеризат Доғруның ұлы Аблайдан, Алматыда «Халифа Алтай» қорының төрағасы Абдурахим Алтайдан, Мимар Синан университетінің бір топ професорларынан т.б көңіл қосынын білдірген жедел хаттар келіп түсті.

Ыстанбұлдағы Қазақ кентте 1973 жылы «Алтай» мешітінің құрлысына қаржылай көмек беру қайырымдылық қорына Түркияға көшіп келген барлық бауырлармыз қатынасты. Солардың бірі Фазила Сұлтаншәріп қызы да қолына таққан алтын білезік, жүзіктерін, алтын алқа, күміс әшекей бұйымдарын сатып, осы қорға қомақты үлес қосты. Міне бүгін апамыздың жаназа намазы сол мешітте оқылды. Ия, Фазила Сұлтаншәріп қызы Жаналтай келіні қайтпастың кемесіне мініп, мәңгілікпен қауышты. Фазила апамыз Алтайдың арыстаны Зуқа батырдың немересі, күрестің көрнекті серкесі Сұлтаншәріптің қызы. Шыңжаңның қаржы министрі болған Жанымхан Тілеубайұлының келіні. Жолдасы Хамит босу жолында Кәшмирде байырқалаған Жаналтай әулетінің ортаншысы.
Фазила апаның әр кез қолынан «Құраны» түспейтін, иманды, пәниде пендешіліктен ада, өжет, қайсар, бұрынғының батыр қыздарының жүрнағы еді. Барлық Зуқа батыр әулеті мен Жаналтай қажы аулетінің қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз!
Зейтұрбұрында «Қазлышешме» мазарлығында 1954 жылы қайтқан әкесі Сұлтаншәріп Зуқа батыр ұлының жанына жерленді. Алдың пейіш, артың кеніш, жаның жанната болсын! Алладан рахмет, пайғамбардан шапағат, артында қалған ұрпағына бақ, береке тілеймін! Бақұл бол, Сұлтаншәріпқызы Фазила апа! Алла алдынан жарылқасын!

Ержан Уәйіс

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері