«Айғақтарын 8 рет өзгертті». Ақтауда бойжеткен өзін зорламақ болғандарды жазалай алмай жүр

0

Ақтау қаласының тұрғыны Анастасия Елхимова өзін тонап, ұрып-соғып, зорламақ болған екі ер адамды екі жылдан бері жазалай алмай жүр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға 2019 жылдың шілдесінде болған. Анастасия Индрайвер қосымшасы арқылы такси шақыртқан. Такси жүргізушінің жанында жолаушы ер адам отырған, бірақ Анастасия оған мән бермепті. Автокөлік қажетті мекен-жайдан басқа бағытқа кетіп қалған кезде ғана күдік туған.

«Олар менің киімімді шешіп, іш киіміме жармасты. Әрине, мен оларды итеріп, айқайлай бастадым. Ол мені қолымен қысып, итерді… Сосын орындыққа қарай қысты», — деп еске алады жәбірленуші.

Анастасия зорлық көрсетпек болғандардан қашып үлгереді. Бірақ, ұялы телефоны мен қолма-қол ақшасы таксидің ішінде қалып қояды. Қатты қорыққан қыз бірден полицияға арыз жазған. Ер адамдарға қатысты «зорлау әрекеті» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Бірақ арада уақыт өткен соң, іс тоқтап қалған.

«Олар өзінің айғақтарын сегіз рет өзгертті», — дейді Анастасия.

Құқық қорғаушылар полиция қызметкерлерінен көшедегі бақылау камераларынан видеоны алып, қылмыстық іс материалдарына енгізуді талап еткен. Бірақ белгісіз себептерге байланысты бұл талап орындалмады. Жақында жәбірленуші қылмыстық істің жабылғанын кездейсоқ біледі.

«Екі күдікті анықталды, бірақ олардың осы қылмысқа қатысы бар екендігі дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қалғанын тергеу мүддесі үшін жариялауға құқығымыз жоқ. Тергеу жоқ. Іс жабылды. 201 бап мұнда қолданылмайды», — деді Ақтау ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Назарбай Жұмбаев.

Заңгерлер мұндай жағдайларда бас тартпауға кеңес береді. Заң бойынша тіпті жабық істі қайта бастауға болады.

Анастасия прокуратураның әрекеттеріне наразы. Дәл осы қадағалау органы материалдарды сотқа жібермеді және жәбірленушіге істің тоқтатылғаны туралы хабарламады дейді ол. Алайда, Анастасия соңына дейін күресіп, әділдікке жетемін деп отыр.