АЭС туралы штаб жұмысы ағартушылық сипатқа ие болды – Қошанов референдум туралы

0

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салу бойынша өтетін референдумның маңызы жөнінде пікір білдірді.

«Біз еліміз үшін маңызды оқиға – атом электр станциясын салу жөніндегі референдум қарсаңында тұрмыз. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігі тарихындағы үшінші жалпыхалықтық референдум. Олардың екеуі қазіргі саяси реалияда өтуде. Мемлекет басшысы өз президенттігінің алғашқы күндерінен бастап, халық үшін ең маңызды мәселелер бойынша шешімдер қоғаммен бірге қабылданатынын айтып келеді. Бұл жаңа саяси мәдениет азаматтарымыздың үлкен қолдауына ие болды», — деді Е. Қошанов AMANAT партиясының мәслихат депутаттарының форумында.

Жетекші партиялар мен қоғамдық ұйымдар ел тағдыры үшін алдағы референдумның маңызын түсініп, Халық штабына бірікті.

«Еліміздің барлық облысында өңірлік штабтар ұйымдастырылды. Бүгін залда отырған мәслихат депутаттарының бәрі осы жұмысқа белсенді қатысуда. Бір айда ауқымды үгіт-насихат науқаны өткізілді, ол әрбір шалғай елді мекенге жетті. Мыңдаған кездесулер өткізілді. Қазақстандық жетекші сарапшылар АЭС перспективаларын халыққа түсіндіріп, түрлі қорқыныштың негізсіз екенін жеткізді. Штабтың жұмысы шынымен ағартушылық сипатқа ие болды. Ең бастысы, біз – штаб мүшелері бүкіл елді аралап, халықтың нақты қолдауын сезіндік», — деді партия төрағасы.

Айта кетейік, елордада AMANAT партиясының мәслихат депутаттарының форумы басталды. Шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.