АЭС-ке қарсы митинг өткізуге шақырғаны үшін белсендіні 15 күнге қамады
Сәуірдің 19-ынан 20-сына қараған түні Нұр-Сұлтан соты белсенді Болатбек Біләловты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы (әкімшілік кодекстің 488-бап, 3-бөлім) бойынша кінәлі деп тауып, 15 күнге қамады.
Бұған дейін белсенді Facebook-тағы парақшасында әкімдікке бейбіт жиын өткізу туралы өтініш бергенін айтып, 26 сәуірде атом электр станциясын салуға қарсы бейбіт митингке келуге шақырған.
Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысында «көпке арналған шараны өткізуге рұқсат алмайынша ұйымдастырушы сонымен бірге өзге тұлғалардың БАҚ, интернет немесе өзге де ақпарат желілерінде оның мерзімі, орны мен уақытын хабарлауына құқығы жоқ» деген судья Құралай Архабаеваның сөзі келтірілген.
«Чернобыль апатының құрбандарына арналған митинг-реквиемді» өткізу туралы өтініш пен әкімдіктің оны тіркегені туралы талонның суретін Болатбек Біләлов Facebook-тағы парақшасында 16 сәуірде жариялаған.
«Атом ұлт, жыныс, жас, саяси және діни көзқарасқа қарамайды — бәрін құртуы мүмкін. Сондықтан бүгін АЭС-ке байланысты пікір-ұстанымымызды білдіруіміз қажет! Айтпақшы, егер бар болса, АЭС-ті қолдайтындар да келіп, ашық түрде пікірлерін айта алады» деп жазды белсенді.
Болатбек Біләлов — тіркелмеген «Антигептил» экологиялық қозғалыс жетекшілерінің бірі. Қозғалыс өкілдері бұған дейін Байқоңыр ғарыш айлағынан экологияға зиянды «Протон» зымыран тасығыштарын ұшыруға тыйым салуды және Қазақстан аумағында ресейлік әскери-сынақ полигондарының жабылуын талап еткен.
2016 жылы қаңтарда желіге «Кремльге қарсы» видео салғаны үшін «ұлттық алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айыпталған Біләловтың бас бостандығын сот үш жылға шектеген.
Болатбек Біләлов бұдан бөлек, Нұр-Сұлтанда қарапайым азаматтардың баспана мәселесі бойынша құқықтарын қорғаумен танымал. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын жұмыс тобының мүшесі. Бұл топ ақпан айында басталған Қазақстанда көп балалы аналар наразылығынан кейін құрылған.
Сәуір айының басында Ресейге сапарлап барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде президент Владимир Путин Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар әртүрлі пікір білдірген. Келесі күні энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев станция құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбағанын, алайда атом электр станциясы орналасуы мүмкін аумақ ретінде Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын атаған.
Видео: Ресей президенті Путин Қазақстанда АЭС салуды ұсынды. (4 сәуір 2019 жыл).