«Аэрофлот» ұшағының бағытын өзгертпек болған адам «ұсталды»

0
100

«Аэрофлот» әуе компаниясының Сургут-Мәскеу бағытымен ұшып шыққан ұшағын басқа бағытқа бұрмақ болған жолаушы ұсталды. Бұл туралы «Аэрофлот» компаниясы хабарлады.

Ресей тергеу комитеті оқиғадан ешкім зардап шекпегенін, ұшақ бағытын өзгертпек болған адамның мас болғанын мәлімдеді.

«Ұшақ бағытын өзгертпек болған адам жекенің мүлкін бүлдіру айыбы бойынша сотталған. Жолаушы қаруым бар деп пилоттарға қарай өтпек болған. Ол пилоттардан ұшақ бағытын өзгертуді талап еткен. Экипаж Ханты-Мансыға қонуға шешім қабылдаған» деді комитет өкілі Светлана Петренко.

22 қаңтарда Сургуттан Мәскеуге ұшып шыққан «Аэрофлот» ұшағы бағытын өзгертіп, Ханты-Мансы әуежайына қонған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, жолаушылардың бірі экипаждан ұшақты Ауғанстанға бұруды талап еткен. РИА-Новости ақпарат агенттігі ұшақ бағытын өзгертпек болған адамның ұсталғанын хабарлаған еді.

Дереккөз: Азаттық