Әйелін, сосын өзін атып тастаған: Солтүстік Қазақстан облысындағы қанды оқиғаның мән-жайы белгілі болды

0
757

Солтүстік Қазақстан облысындағы Лобанова ауылында жантүршігерлік оқиға болды. Балалардың көзінше әкесі әйелін атып тастап, артынша өзіне қол салған. 3 ұл өсіріп отырған отбасының әп-сәтте осылайша ойраны шықты. Бұл оқиғаны естіген ауыл тұрғындары шошынып қалған. Әсіресе, көршілері ел қатарлы тып тыныш өмір сүріп жатқан ауылдастың дәл осындай қадамға барғанына сенгілері келмейді. Қазір тиісті органдар болған істі тергеп тексеріп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Қанды оқиға түнгі сағат 4-тер шамасында мына жер үйде болған. Отағасы сырттан қарумен келіп әйеліне оқ жаудырған. Осы кезде шырт ұйқыда жатып, айғай шудан оянған 3 бала болған жәйтті өз көздерімен көрген.

11-14 және 16 жастағы ұлдары алғаш мылтық даусы гүрс еткенде бөлмелерінен жүгіріп шыққан. Әкелері анасын алдымен аяғынан, одан соң желкесінен атыпты. Содан кейін кереуетке отырып, мылтықтың ұңғысын аузына салып, шүріппені басып жіберіпті. Сұмдығы сол кәмелетке толмаған 3 бала оның  барлық әрекетін көріп тұрған. Әкесі мен анасының қанға бөгіп жатқанын көрген ұлдары әбден шошынып, далаға қаша жөнелген.

“Балалар өздерімен бірге болды. Ұйқыдан шошынып тұрған, не істерлерін білмей қалыпты. Екеуі де жайрап жатқанын көріп қашып шыққан. Мұғалімдеріне хабарлапты. Сол түні ұлым арақ ішіп, таң ата келген. Бірақ мылтықты қайдан алғанын білмеймін. Әйелін қызғаныпты дейді. Кім білсін”, – деді марқұмның анасы Надежда Литвинова.

Мектеп мұғалімдері полицияға да, туысқандарына да хабар берген. Қанды оқиғаны естіген ауыл іші азан-қазан болды. 33 жастағы Марина білім ошағында құрылыс жұмыстарын істеп жүрген. Ал күйеуі Владимир жұмыссыз. Бала күнгі досы әрі көршісінің сөзінше, ара-тұра балық аулағаны болмаса мылтық ұстап аңға шықпаған.

Бала күнімізден бірге өстік. Ешқандай артық мінезі жоқ болатын. Мұнысы енді ақымақтық. Әйелін қызғанса, қуып шықпай ма? Енді міне балалары жетім қалды. Ал мылтық ұстағанын ешқашан көрмеппін. Балық аулауға баратын.  Ешкімге мұндайды қаламаймын. Жауыма да. Балалар тым жас”, – деді көршісі Сергей Подкорытов.

Тәртіп сақшылары 33 және 36 жастағы ерлі зайыптылардың өліміне қатысты тергеуді бастап кетті. Қанды қылмысты облыс прокуроры өз қадағалауына алған.

Үйден зорлық белгілері бар екі адамның денесі табылды. Қазір «Адам өлтіру» бабына сәйкес іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, күйеуі өзара жанжалдан кейін әйелін атып тастап, кейін өзіне қол салған. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды”, – деп мәлімдеді СҚО Прокуратурасының басқарма прокуроры Әлім Есімов.

Қаралы отбасындағы балалар қазір Саумалкөлдегі оңалту орталығында. Оларды балалар үйіне жібергісі келмейтін әжелері қамқорлыққа алу үшін барын салатынын айтты. Өйткені зейнет жасына жетпеген әжей жұмыссыз екен.