Әйелін өлтірмекші болған ер адам сал болып қалды

0

Әлемде

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Сотта 65 жастағы күдіктіге қасақана денсаулыққа зиян келтірді, үйге заңсыз кірді деген айыптар тағылды  

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Әйелін өлтірмекші болған АҚШ тұрғыны сал болып қалды, деп жазды Unilad басылымы.

65 жастағы Генри Хербиг (Henry Herbig) арам ойын жүзеге асыру үшін арнайы жоспар құрып, бірнеше апта дайындалған. Ол бөлек тұратын әйелін өлтіріп, болған жағдайды ұрлық ретінде көрсетуге тырысқан.

Қылмыс болатын күні Хербиг Флорида қаласындағы үйінен шыққан. Ол ешкімге көрінбеу үшін және бейнекамераға түсіп қалмас үшін мұқият дайындалған. Ер адам транзакция туралы ешқандай жазба қалдырмау мақсатында көлігіне бензин құйған кезде банк карточкасы арқылы емес, қолма-қол төлеген. Сондай-ақ өзінің қайда болғанын GPS датчигі арқылы ешкім білмеу үшін ұялы телефонын үйде қалдырған.

Оның көлігінде ағаш шоқпар, мылтық, үлкен сомын кілті (гаечный ключ) болған. Айғақтарды жасыру үшін күдікті қоқыс пакеті мен скотч та алған, деп жазды Рамблер.

Генри Хербиг Вирджиния-Бич қаласындағы әйелінің үйіне жеткен кезде, өгей қызы итімен бірге үйден шығып бара жатқан. Осы кезде Генри қыздың басынан сомын кілтімен ұрып, есінен тандырған. Кейін үйге кіріп, әйелінің бетінен ұрып, жағын сындырған.

Тағы оқыңыз: Алматыда әйелін соққыға жыққан әртіс қамауға алынды

Алайда Хербинг сүйіктісі мен өгей қызы тегеурінді қарсылық көрсетеді деп ойламаған. Ол әйелін ұрып жатқан сәтте өгей қызы оның қаруын алып, оқ атқан. Оқ 65 жастағы Генри Хербигтің омыртқасына зақым келтірді. Салдарынан ол сал болып қалған. 

Жергілікті уақыт бойынша шамамен 21:45-те оқиға орнына полиция шақыртылған. Тәртіп сақшылары Хербигтің көлігінен қылмыстың жоспарланғанын дәлелдейтін айғақ заттар тапқан.

Сотта 65 жастағы күдіктіге қасақана денсаулыққа зиян келтірді, үйге заңсыз кірді деген айыптар тағылды.

Хербигтің адвокаты ол төсекке таңылып жатқандықтан түрме қызметкерлері оған тиісті деңгейде күтіп жасай алмайтынын атап өтті. Қорғаушы күдіктіні кепілмен түрмеден босатуды сұрады.

65 жастағы күдікті сот отырысына түрме ауруханасынан видеобайланыс арқылы қатысты. Прокурор күдікті қауіпті екенін алға тартып, оның қашып кетуі мүмкін екенін жеткізді. Судья адвокаттың талабын қанағаттандырмады.  



sputniknews.kz