Әйелімнің әруағы мені қылмыскерден құтқарып қалды
«Мен қызмет бабымен,-деп бастаған еді әңгімесін Еркін,- жұмысқа қажетті зат іздеп бір сауда орнына кіріп едім, өкінішке қарай іздеген зат болмаған соң, қынжылып сыртқа шығуға беттеп келе жатыр едім, есік жақта орта бойлы, жасы 30-40 –тың арасындағы азамат тұр екен. Ол менің кейпімді көріп «тым қапалы көрінесіз ғой»,- деп сөзге тартқан соң «іздеген затымды таба алмадым»,- деп ағынан жарылдым.
Ол кісі «қам жеме, мен жеке кәсіпкермін, іздеген затың үйде бар, үйге жүр, арзанға беремін, алып кет»,- деп ішектей жабысып үйіне шақырды. Менің де ішім қылп еттті де «жұмыстарым аяқталған соң міндетті түрде үйіңе соғамын «дефицит затты» дайындап қой»,- деп ол кісінің үйінің адресін алып, өз жолыммен кеттім.
Мен жұмыстарымды бітіріп, берілген адрес бойынша үйіне барсам үйі менің махалама (квартал) көрші махалада орналасқан екен. Біздің махала төбенің беткейінде орналасқан болатын.
Машинамды сол кісінің үйінің жанына қойып, пәтеріне бара жатқамын еріксіз бір күш көзімді үй жаққа бұрғызды. Қарасам төбе үстінде келіншегім баламды қолына ұстап мен жаққа қарап тұрғанын көрдім.
Зайыбым менің қарағанымды көріп қолын былғап өзіне шақырды. Мен оған ыммен «мына үйге кіремін жұмыстарым бар» десемде, үздіксіз қол бұлғап шақыра берген соң бір жағдай болған ғой деп амалсыз машинама қайта отырып үйге бет алдым. Үйге баратын жол айналма жол болатын мен машинамен жұбайым тұрған төбешікке көтеріліп едім, ол жерден келіншегімді көре алмадым. Әлгінде ғана осы жерде тұр еді, қайда кетті екен деп жан-жағыма қарап едім ешкім көрінбеді, содан үйдің жанына машинамды қойып, пәтерге көтерілсем, зайыбым баламмен бірге тамақтанайын деп жатыр екен. Келіншегім қуанып «келгенің оңды болды, тамақтың үстінен келдің» деп жатты.
Мен «сен шақырған соң жұмысымды бітіре алмадым»,- дедім ренжіңкіреп. Ол менің сөзіме аң-таң болып «бүгін үй жұмысымен далаға шыға алмадым»,- дегеніне «Әлгінде төбе үстінде балам екеуің мені қайта-қайта шақырған жоқсыңдар ма»,- дедім де жұбайымды ренжітіп алармын деп үндемедім.
Содан іштей «сонда қалай мен жұбайымды баламмен анық көрдім, жаңылысуым мүмкін емес. Зайыбымның сөзіне қарағанда ол бүгіндікке үйден шықпаған. Ал төбенің үсті мен үйдің арасы әжептәуір қашықтық мен машинамен келгенше олар олардың үйге жетуі де мүмкін емес. Ендеше мені шақырған кім болды?» деп ойладым.
Содан есіме мені үйіне шақырған кісі еске түсіп, ол кісі енді ренжитін болды ғой деп қысылдым да, жә, артынан ол кісімен жолығып кешірім сұрармын деп ойладым да үйде баламның жанында қалдым.
Ертеңіне жұмысқа бара жатып, жолай таныс кісінің пәтеріне соғып есік қоңырауын қанша соқсам да есік ашыла қоймады. Мен не істерімді білмей аңтарылып тұр едім дес бергенде іргелес пәтерден шыққан көршісінен пәтер иесінің қайда екенін сұрадым. Көршісі маған күдіктене қарады. Мен оған жағдайды айтып едім «келмегенің дұрыс болған екен көршімнің сөзі сұйықтау жігіт болған соң қорқып жүретінмін, бүгін түнде үйінен тарсыл-гүрсіл алысқан адамдардың дыбысы шыққан соң амалсыз полиция шақырғанмын, сол абырой болған екен, танысың үйіне шақырған қонағын пышақтап тастапты. Әйтеуір полицейлер танысыңды дер кезінде ұстады» дегенде «О, тоба, кеше бұл үйде менің болуым керек еді ғой» деп ойлағанда есімнен айрыла жаздадым. Содан, Алла мені бір бәледен қаққан ғой деп Тәңіріме шүкіршілік еттім.
Бүгінгі күні, мені сол пәтерге кіргізбей қылмыскердің үйінің алдынан үйге қайырған әйел кім болды екен, әлде періштем бе екен деп ойлаймын. Кім білсін? Содан бері «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген бабаларымыздың даналық сөздерін қаперімде ұстап жүретін болдым,- деп аяқтаған еді әңгімесін Еркін.
«Алаш айнасы»