«Әйеліме қандай сиқыр жасадың»: Астанада ер адам мешіт қызметкеріне пышақ сұққан
Астанадағы «Шейх Кунта Қажы» мешітінде шаруашылық қызметкерін ер азамат 13 жерден пышақтап кеткен деп хабарлайды kznews.kz сайты 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Оқиға түскі намаз кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, мешіттің аула сыпырушысына ер адам шабуылдап, суық қаруды ала жүгірген. «Әйеліме қандай сиқыр жасадың» деп айғайлап, пышақ сұққан. Қазір мешіт қызметкерінің жағдайы тым ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Наиб-имамның айтуынша, түскі бесін намазы кезінде өткір жүзді пышағы бар ашулы азамат мешітке кіріп, аула сыпырушысына жармасқан. Халық қаскөйді әрең тоқтатқан.
“Ана жерде намазхан бір бауырымыз барып, көмектесе алмады. Екі адам барып, сосын үшінші адам барып, әрең дегенде арашалады. Әйелімен ұрсып қалған-ау, ашу-ызамен келіп, кінәні осы кісіден көрді”, – деді «Шейх Кунта Қажы» мешітінің наиб имамы Данияр Байдуллаев.
Астана қалалық полиция департаментінің айтуынша, ер адам жұбайын қызғанған. Мешіт қызметкері аула сыпырумен қатар, мешіт қабырғасында адам емдеп ,емшілікті де қатар алып жүрген. Қаскөйдің әйелі осы кісіге шипа іздеп, жиі келуді шығарған. Соның кесірінен отбасылық жанжал туындапты.
“Аталған факт бойынша Сарыарқа аудандық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Аталған оқиғаға қатысы бар адам қылмыс орнында ұсталды. Ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Астана қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова.
Емшінің қан-жоса болып, есінен танып жатқанын естіген келіншек сірке суын ішіп, өмірімен қоштаспақ болды. Қазір әйел де жансақтау бөлімінде. Дәрігерлердің айтуынша, өңеші күйіп, асқазанына зақым келген. Қылмысқа барған азаматтың бұған дейін істі болғаны анықталды.