Әйелі төрт баласымен тастап кеткен ер адам көпшіліктен көмек сұрайды
Еслям Айтмабетов әйелін сол кеткеннен көрмегенін айтады.
Батыс Қазақстан облысында әйелі ер адамды төрт баласымен бірге тастап, отбасынан біржола кетіп қалған. Ол кезде кенжесі 11 айлықта болған деп жазады sn.kz.
Еслям Айтмабетов әйелін сол кеткеннен көрмегенін айтады.
«Басқа біреуге тұрмысқа шықты деп естідім. Осы уақытқа дейін балаларға келген емес. Олар да аналарын сағынбайды, іштей ренжитін болу керек. Алимент төлесін деп арыз жазғанмын, бірақ әйелімнің қайда жүргені белгісіз. Мемлекеттен ай сайын 10 мың теңге аламын. Бірақ бұл ақша түкке де жетпейді», – дейді жалғызбасты әке.
Отбасының басында баспана жоқ. Кәрі шешесі және өзі балаларымен 20 шаршы метр болатын бөлмені 35 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр.
«Үйде тамақты мен дайындаймын. Зейнетақымды азық-түлікке жұмсаймыз. Барлығымыз бір бөлмеде ұйықтаймыз. Үлкен немерем Ілияс – 15 жаста, Эльнара – 14-те, Мирас – сегіз жаста, ал кенжеміз Эмилия 4-те. Ұлыма қолымнан келгенше көмектесіп жатырмын. Бірақ денсаулығым да мәз емес. Ертеңгі күні маған бірдеңе болса, бұл балаларға кім қарайласады?», – дейді 70 жастағы кейуана Сағима.
Еслямның айтуынша, ол үйдің кезегіне тұрып қойған екен. Өзі жиһаз фабрикасында жұмыс істейді. Жалғызбасты әкеге жұмыс орны арасында көмектесіп тұрады. Балаларға киімдерді мектептен тегін береді дейді. Бірақ Еслям көмектесемін деген адамдар болса, қарсы емес екендігін жеткізді.
«Демалыс күндері де жұмыс істеуге тырысамын. Өйткені балаларға тамақ керек. Ең бастысы өзіміздің баспанамыз болса дейміз. Әйтпесе бір бөлмеде жуынамыз, сол бөлмеде тамақ та ішеміз», — дейді төрт баланың әкесі.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/