Әйелі мен балаларын күштеп қуып шыққан экс-әкімнің ағасының дауы: Жоғарғы сот үй кімге тиесілі екенін анықтады
Жоғарғы сот Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешованың бұрынғы күйеуі бала-шағасымен сүйреп қуып шыққан үйді ерлі-зайыптының ортақ меншігі деп тану туралы өтінішін қарады. Құжат сот кабинетіне жарияланған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дана Әтешованың сөзінше, үй иесі ретінде қазір Марат Әйтеновтің досы тіркелген, сондықтан бірнеше жыл бойы мүлікті бөлу еш нәтиже бермеген.
Әтешова үй неке кезінде ерлі-зайыптының ортақ қаражатына сатып алынғанын айтады. Алайда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты мен азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл мәлімдемелерді мойындамады.
Жоғарғы соттың судьясы Қуанышбаева да істің барлық материалдарын зерделей келе, мүлік Марат Әйтенов пен Дана Әтешованың некесіне дейін алынғанын анықтап, Әтешованың өтінішін қараудан бас тартты.
Еске салайық, Дана Әтешова 12 шілде күні бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп, қуып шықпақ болғанын айтты. Әтешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ол – Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.
Бұған дейін Марат Әйтеновтың 5 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік. Ал 2 тамызда сот Марат Әйтеновті бұрынғы әйелін ұрып-соққаны үшін 12 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды.