«Әйелі 2 мың теңге берген»: Павлодарда еркектің 13 жасар қызды қателесіп тепкілегені белгілі болды

0
2327

Осыған дейін әлеуметтік желіде 13 жастағы қыздың соңынан қуып, оған шабуыл жасаған ер адамның видеосы тараған болатын. Оқиға Павлодарда болған еді. Осы орайда зардап шегуші оқушы қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын Астана арнасына айтып берген.

«Ол менің қызымды басқа қызбен шатастырып алыпты. Дүкенде 3 қыз тұрған. Қыздардың біреуі онымен сөзге келіп қалып, ер адамға «мал» деп айтқан. Ер адам бұл сөзді менің қызым айтты – деп ойлап қалып, оған тап беріпті.

Осы сәтте ол дүкеннен қашып шыққан. Кейін қылмысын жасыру үшін жанағы жігіттің әйелі менің қызыма 2 мың теңге беріпті. Күні бойы күттік. Тіпті, кешірімде сұраған жоқ. Енді тиісті жазасын алуын сұраймын», – дейді әйел адам. 

Аты-жөнін атамауды сұраған қыздың анасы баласының түрлі дене жарақатын алғанын айтады. Қолы мен аяғы көгеріп, арқасы ауырсынып қалған. Тәртіп сақшылары күдіктіні дереу тапқан. Алайда ол кінәсін мойындаудан бас тартқан.

Полицияның мәліметінше, оның қылмысы дәлелденсе, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 2 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелмек. Әзірге аталған факті бойынша арнайы сараптама жасалып, тексеруге жөнелтілген.