Әйелге имам болуға шектеу жоқ – халықаралық заңгер

0

Халықаралық заңгер Әйгерім Құсайынқызы сұхбаттарының бірінде исламдағы әйелдің рөлін және оған имам болуға Құран шектеу қоймайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Дінге келетін болсақ, мен ислам феминизмін зерттегенмін. Университетте заңгер ретінде арнайы сабақ алғанмын. Мен исламды жақсы көремін, асыл дін дегенге келісемін. Бірақ бізде исламды 14 ғасыр бойы тек қана еркектер тәпсір жазып келді, еркектер интерпретациялап келді. Еркектер діндегі көптеген аудармаларды, түсініктемелерді әйелді қолдану мақсатында жазды”, – дейді заңгер Әйгерім Құсайынқызы.

Оның сөзінше, еркектер “сен бізден жаратылдың, сен бізге қызмет етуің керек” деп жазғанымен, шын мәнінде олай емес екенін жазып жүрген египеттік ғалым әйелдер мен имам әйелдер бар.

Имам әйел Сейран Атеш / Германия

“Мысалы, Германияда имам әйел бар. Күзетшілермен жүреді. Ол Құранда тыйым салынбаған, әйелге имам болма деген сөз жоқ дейді. Мен әйелмін, имам бола аламын деді, имам болды. Бірақ оған көп адам киллер жалдап, өлтірмекші болды. Сондықтан ол күзетшілермен жүреді. Яғни, дін өзгеріп жатыр дегенде біз дінге қатып қалған аксиома емес, оған біз сыни тұрғыда қарауымыз керек. Неге деген сұрақты қоюымыз керек”, – дейді заңгер.

Ол әйел имам болса, әйел теңдігін айтады, әйел өзінің құқығын білген сайын ажырасу көбейеді, ажырасу көбейген сайын халық азаяды, халық азайса, соғысатын адам болмайды, сондықтан саяси тұрғыда оның себептері көп екенін айта келе, исламда әлі біз қатпарын ашпаған дүние көп дейді.

“Ислам өте прогрессшіл дін негізі. Әйелге құқық берген. Әйелдің табысы өзінің табысы, күйеуінің табысы ортақ табыс немесе еркек исламда әйеліне емізгені үшін омырауының ақысын төлеуі керек деген бар”, – дейді ол.