«Әйелдерді қуантқан тағдырым бар»: Мұхамеджан Тазабектің көп әйел алуға қатысты көзқарасы елді ойландырып қойды
Қоғам белсендісі, ақын Мұхамеджан Тазабек жеке парақшасында сұрақ-жауап ұйымдастырып, оқырмандарымен сырласты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚР еңбек сіңірген қайраткерінің айтуынша, отбасын құру – үлкен жауапкершілік көрінеді. Оқырман тарапынан келген сұрақтың дені – көп әйел алуға қатысты екен.
«Көп әйелділік – Алла рұқсат берген, бірақ жауапкершілігі өте зор шешім. Ең керегі – әділдік. Содан соң сабыр, қаражат, даналық, білім, денсаулық. Адам сапасы кеткен қоғамда отбасының да сапасы оңай болмай тұр. Өтірік күліп, іштей жылап жүрген әйел де, еркек те жетеді. Әйел табамын-ау, бірақ өзімнен әділдік табамын ба? Күйеу табасың-ау, біреу тағдырыңа сүйеу табасың ба?Тағдыр деген, нәсіп деген нәрсе бар… Елдің бәрі сұлтан Сүлеймен емес, Сүлейменнің бәріне Хюррем сұлтан нәсіп бола бермейді. «Қанша су ми болса да, сусар бөрік тазда бар» деп Есенқұл ақын айтқандай кейде жапалақ жарғанатқа үйленіп, кейде жылан алтынды құшақтап жатады. Өмір ғой. Әр отбасы – жеке сынақ, дара жауапкершілік! Мен де бұл жағынан сынақ – біреу! Не болса да басқа жар ала алмадым. Алла бойдақтарды отбасылы етіп, барлық отбасыларға ынтымақ, береке, ізгілік нәсіп етсін! Кімге қандай тағдыр нәсіп етсе де, ең бастысы еркектер езілмесін, әйелдер қорланбасыншы», – деп жазды ол.
Сонымен қатар оқырмандары, айтыскер ақыннан «Қаңтар оқиғасына қатысыңыз бар ма?» деген сұраққа да жауап беруін талап етті.
“Саналы ғұмырымды бүліктің алдын алуға жұмсап келемін. Қатысым қайдан болсын?! Медиа өсекке емес, жүрегіңізге сеніңіз», – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.
Айта кетейік, «Сынған сүйек жазылмай, басқа ағзаларды бүлдірген» деп Мұхамеджан Тазабекке Түркияда ота жасалғанын жазған еді.