Әйелдер пәк күйінде тұрмысқа шықпағаннан таяқ жейді

0

«Қазақтың бәрі әйелін сабайды деу — қате. Нәзік жандардың таяқ жеуі пәк күйінде тұрмысқа шықпағаннан!». Журналистің жазбасы әлеуметтік желідегі әлеуметтің пайымын қаққа айырды. Жеңіс Құспан қыздар өз кінәларын сезгендіктен таяққа көніп жүре береді деп есептейді. Ал психологтар бұл пікір шындыққа жанаспайды дейді. Олардың бұған қатысты уәжі қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады сонда?

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, жыл сайын елімізде 400-дей әйел тұрмыстық зорлық салдарынан көз жұмады екен. Қаракөздерімізді көгала қойдай етіп сабап, онысымен қоймай, өлімге қиятын кім дейсіз ғой? Бір дастархан басынан ас ішіп, бір көрпені бөліскен, өл-өлгенше ажырамауға серттескен  — жан жолдасы. Сонғы уақытта осындай жантүршігерлік деректерден тіптен көз ашпай кеттік. Отандық журналист Жеңіс Құспанов кейде осындай келеңсіз жайттарға әйелдердің өздері кінәлі деп есептейді.

ЖЕҢІС ҚҰСПАНОВ, ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТ: «Менің айтпағым, төсек көріп тұрмысқа шығатын қыздардың қазір үлес салмағының өскені және содан таяқ жейтіндердің де көбейгені. Ойымды нақты жеткізу үшін, мынадай бір мысал келтірейін. Айталық, 100 пәк қыз бен 100 «қыз» емес қыз тұрмысқа шықты делік. Бірінші жүздікте көбі отбасының құндылығын сақтайды. Екінші жүздікте айырылысатын да таяқ жейтіндер де көп болады. Менің айтқым келгені сол ғана».

Алайда психолог Жаңагүл Тұрманова журналистің пікірімен түбегейлі келіспейтінін айтады. Себебі «қыздардың пәктігі» — басты құндылықтардың тізімінен әлдеқашан жойылып кетіпті.

Бұл күнде бұған қатты мән беретін жігіттер аз көрінеді. «Ең бастысы , екі жастың арасында сүйіспеншілік болса жетіп жатыр» дейді ол.

ЖАҢАГҮЛ ТҰРМАНОВА, ПСИХОЛОГ-ПРАКТИК:
«Бұл фактор аса маңызды емес. Себеп неде? Өйткені ол тұрмыс құрғанға дейінгі, отбасын құрғанға дейінгі екі жастың ортасындағы мәселе. Бұл өміінде жеке тұлғалық мәселеге айналуы мүмкін. Дегенмен физикалық күш қолданудың бірден  бір себебі отбасындағы әлеуметтік-психологиялық, экономикалық дағдарыстардың себебі болып отыр».

Орташа есеппен, еліміздегі жасөспірім қыздардың етегі 15 жастан бастап түріледі екен. Мұны бізге гинеколог маман айтты.

АЙГЕРІМ СЛАМБЕКОВА, ГИНЕКОЛОГ:
«Ерте жыныстық қатынастың басталуы 15 және 18 жас аралығы болып тіркеліп отыр. Соңғы 4 жылда 40 мыңнан астам жасөспірімдер жүктілігі тіркеліп отыр. Қабылдауыма келетін қыз- келіншектердің бір-ақ қана өтініші бар. Қалай қыздық перденің тұтастығын қалпына келтіреміз? Шамамен айына 10-12 қыз бала қабылдауымда болады».

Иә, шалыс естіген жоқсыз. Айына 10 шақты қыз бала пәктік пердесін қалпына келтіреді. Сөйтіп бір үйдің босағасын алдамшы күйде «адал» болып аттайды  мыс. Бұл бір ғана гинеколог маманның статистикасы. Журналист Жеңіс Құспан осы орайда фейсбуктегі жазбасын көпшілік қате түсінгенін айтады. Сайып келгенде ол қоғамда әйелін сабамаса отыра алмайтын еркек пен ерінің қадірін кетірген шайпау қатын да баршылық», — екенін айтқысы келіпті.