«Әйелдер еркектің іші пысқан соң жаратылған»: Шымкенттік шенеунік даулы жазбасынан кейін жұмысынан кетті — Қазақстан жаңалықтары

0

Шымкенттің жастар ресурсы орталығы басшысының орынбасары Данияр Алан әйелдер туралы жариялаған жазбасынан кейін өз еркімен жұмыстан кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дания Алан

Айта кетейік, елді шулатқан жазбаны ол Telegram арнасында 2017 жылы жазыпты. Айтуынша, әйелдер ер азаматтардың еркелігі үшін оның қисық қабырғасынан жаратылған екен. Бұған қоса экс-шенеунік нәзік жандылар гендерлік теңдікті талап етуі миға қонымсыз зат екенін айтыпты. 

Данияр Аланның бұл жазбасы орталықтың жақында қыз тәрбиесі туралы бюджеттен бөлінген қаражатқа түсірген видеосынан кейін қызу пікірталас тудырыпты. 

Бейнежазбада такси жүргізушісі пен бойжеткеннің әңгімесі көрсетіледі. Мұнда жүргізуіші көлікке отырған қысқа көйлек киген қызды сөгіп тастайды. Видеоның титрында бұл бейнеролик Данияр Алан жұмыс істеген жастар ресурсы орталығының тапсырмасы бойынша түсірілгені айтылыпты. 

Өз кезегінде басы дауға қалған орталық басшысының орынбасары бұрын жазғанын түсіндіріп, тағы бір жазба жариялапты. 

«Әлгі шу болған пост Телеграмда жазылған. 2017 жылы. Кімге, не үшін архив қопарудың қажеті болғанын білмедім, бірақ шығып кетіпті. Түсіндіріп көрейін. Телеграм канал таза өзім үшін ашылған. Өзімнің ойларымды, басымнан өткенін кейде қалжың, кейде шынымен жазып отырамын. Дәл сол постты өзгелердің қате түсінгені үшін кешірім сұрайын. Онан соң жұмыс пен жеке өмірді ажырата білу керек деп ойлаймын. Офлайнда көрген, таныс-біліс адамдардың мен туралы пікірін тыңдап, зерттеп, зерделеп, сосын ғана адам туралы қорытынды шығарсаңыздар. Егер жұмысыма байланысты кез келген сұрақ бойынша кез келгеніңіз келіп сұрап, сонан соң менің жұмысыма байланысты кінәрат айтсаңыздар, ол — басқа әңгіме. PS: Кеше айтқанмын. Түсірілген роликті менімен байланыстырмаңыздар. Кінәліні басқа жақтан іздеңіздер», — деп жазыпты Данияр Алан. 

Оның жұмыстан кетуіне байланысты орталық өкілдері сөз қозғады. 

«Ол жұмыстан кететіні туралы шешімді өзі қабылдады. Бұл жерде оның үш жыл бұрынғы Telegram-каналындағы әйелдер туралы жазбасының қатысы жоқ. Ол жазба — өзінің жеке пікірі»,  — деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Арай Есенбек.

 

stan.kz