Әйел адам ер болып, тірі адам өлілердің қатарында жүр: Депутат жеке куәліктегі қателіктер туралы айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Халыққа қызмет көрсету орталығындағы былықтың кесірінен әйел еркек болып кетсе, енді бір тұрғын өлілердің қатарында жүр. Ал қарағандылық келіншек төлқұжаты бойынша 144 жасқа толыпты. Кеше мәжіліс депутаты жеке куәліктегі осындай қателіктің зардап тартып жүрген азаматтардың мәселесін көтерді. Шәкір Хахазовтың сөзінше, жылдар бойы құжаттың кесірінен зейнетақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, тіпті алимент ала алмай қиналып жүрген қазақстандықтардың саны өте көп екен. 

Әйел адам ер болып, тірі адам өлілердің қатарында жүр: Депутат жеке куәліктегі қателіктер туралы айтты

Елорда тұрғыны Майра Мырзағали банк пен мемлекеттік қызмет алу кезінде үнемі уақыт жоғалтып, әуре-сарсаңға түседі. Өйткені жеке сәйкестендіру нөмірінде ол ер азамат ретінде көрсетілген, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«ЖСН бойынша, мен ер адам болып тұрмын. Өмірде әйел адаммын, төрт балам бар», — дейді қала тұрғыны Майра Мырзағали.

Алғаш төлқұжатында осындай өрескел қате кеткенін ол халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда біліп, қатты таңқалдым, дейді. 

«Құжат беретін адамдар дұрыстап неге қарамайды? Әрбір құжатты, әрбір әріпті, әрбір санды он еселеп, біреудің үстінен біреуі қол қоятын кезде бір-бір адам тексеріп отырса, әрқайсысын нақтылып, әркім жұмысын дұрыс жасаса, мұндай проблема болмас еді», — дейді Майра Мырзағали.

Ал төлқұжат бойынша 1,5 ғасырдың куәсі болып жүрген қарағандылық Наталья Шубичиктің мәселесін айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Келіншекке 1996-жылы берілген төлқұжатта туған жылы 1875 деп көрсетіліпті. Осының кесірінен өткен жылдың мамыр айынан бастап оның зейнетақы аударымдарын банктер қабылдаудан бас тартқан.

«Мемлекеттік қызметкерлердің өзі менің мәселемді қалай шешуге болатынын білмейді. Ал мен не істей алам? Менің жеке кәсібім бар, сондықтан маған салық басқармасынан зейнетақы бойынша қарызым бары туралы хабарлама келеді. Мұның арты айыппұлға ұласады», — дейді Наталья Шубичук.

Талай адамды мезі ектен құжаттағы былық туралы бүгін Мәжілісте депутат Шәкір Хахазов мәселе көтерді. Оның айтуынша, ЖСН яғни жеке сәйкестендіру нөмірінде кеткен қателіктің салдарынан біраз адам зейнетақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы енді бірі алимент ала алмай қиналып жүр. Кредит алу мен пәтерді сату да түйіні тарқамас проблемаға айналған.

«Орал қаласының тұрғыны Игорь Бакалкин былтыр күзде ЖСН-ді қайта қалпына келтіруге өтініш берген. Бірақ, түсініксіз бір себептермен ол 2010 жылы «өлгендер» тізіміне қосылған екен. Бір қызығы, құжат бойынша о дүниелік болса да, осы күнге дейін салық, зейнетақы жарнасы мен коммуналдық төлемдердің барлығын төлеп келген», — дейді мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов.

Мұндай мысалдар толып жатыр. Олардың бірқатарын  тізбелеген депутат ЖСН-де жіберілген қателіктің зардабын тартып жүргендердің кейбірі азаматтығын ауыстырып жібергенін айтты. Енді бірі  көрші елдерге қоныс аударуды да ойлап жүр екен. 

«Заңға сәйкес, ЖСН  бұл жеке тұлғаға бір рет және өмір бойына берілетін цифрлық код. Алайда қолданыстағы заңнамада жеке сәйкестендіру нөмірінде кеткен қателікті түзетуге мүмкіндік беретін бірде-бір норма қарастырылмаған», — дейді Шәкір Хахазов..

Осылай деген депутат Әділет министрлігінен қате жазылған жеке сәйкестендіру нөмірлерін түзету үшін тиісті шараларды қабылдауды сұрады. Одан бөлек, енді құжатқа қате мәліметтер енгізген мамандарды жазаға тарту керегі айтылды. Сонда ғана құжатқа жауаптылардың салғырттығынан ел азаматтары өмір бойы зардап шекпейді. 

stan.kz