Айдын Бикебаев: Мұндай қателікке жол бермеу керек
– Оқиғаға ең бірінші кезекте себеп болған – халықтың әлеуметтік жағдайы. Егер мемлекет осы мәселені реттейтін болса, «Қаңтар оқиғасынан» алған ең үлкен сабағымыз сол болады. Барлық жерде тепе-теңдік болу керек. Ол үшін жемқорлықты жойып, біздегі қаптаған монополияның жолын кесуіміз тиіс. Қаңтарда билікті басып алуға тырысқан топтардың күштік, қаржылық жағы мықты екенін көрдік. Олардың қанқұйлы әрекетінен жазықсыз жандар көз жұмды. Бейбіт шеруге шыққандар, полиция қызметкерлері құрбан болды.
Сол себепті халықты саясатқа көбірек араластырып, хабардар етіп отырған жөн. Бұл тұста сайлаудың маңызы ерекше. Сонда халықтың өзі сайлаған тұлғалар халық үшін жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары дұрыс келе жатыр. Ауыл, аудан, керек болса, облыс әкімдеріне дейін сайлау арқылы таңдалғаны абзал. Мәслихат өкілдері бұрынғыдай партия арқылы емес, 100 пайыз бір мандатпен сайланатын болды. Мәжіліске де бір мандатпен сайланатын жеке тұлғалар келмек. Олар халық сайлаған жерде жұмыс істемеген шенеуніктерді сынап, қажет болса орнынан алуға ықпал етуі тиіс. Көппартиялыққа көшіп келеміз, Президенттің өзі партиядан шықты. Бұлар аз да болса оң өзгерістердің басы. Бұдан бөлек, мәдени жағдайға да өзгерістер керек екенін ұқтық. «Қаңтар оқиғасы» кезінде мемлекеттің мүлкін өртеп, ғимараттарды қиратқандардың ісі дұрыс емес. Ол мүлік басқаның емес, осы өз елінің мүлкі екенін ескермеді. Сондықтан мәдениет жағындағы реформаларды құптаймын. Сонымен қатар бұндай реформа құқық қорғау саласына да қажет. Жасырары жоқ, ұсталғандарды азаптаған полицейлер мен тергеушілер болды. Сондай заңсыздыққа барған, халықтан алшақ екенін көрсеткен құқық қорғаушыларды толық ұстап, жазалау керек. Сонда билік халыққа жақындай түседі. Әлі тергеу жүріп жатыр, нәтижесін алдағы уақытта көреміз. Екінші рет құқық қорғау органдарының тарапынан бұндай қателіктер болмағаны абзал. Әйтпесе жұрттың наразылығын бұл да өршітеді. Осы айтылғандардың бәрін реттеп, мемлекет оң өзгерістерге қадам басар болса, қаңтардағыдай келеңсіз жағдайлар қайталанбайтынына сенемін.
Айдын Бикебаев,
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы