Айдос Сарымның ұсынған заңын шетел басылымдары сынады

0

Golbal Voices сайтында жарық көрген мақаласында сарапшы Паоло Сорбелло парламент дептутаттарының «Бала құқықтары туралы заңға» өзгерістер енгізу бастамасын Қазақстан билігінің «әлеуметтік желідегі белсенділікті шектеу және оны бақылауға алу шараларының соңғысы» деп бағалайды.

Қоғамда қызу талқыға түрткі болған «Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасы мәжілісте қаралып жатыр. Заң жобасын парламентке «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған. Олар бұл құжат балаларды интернеттегі буллингтен қорғауға көмектеседі деп сендіруге тырысады.

«Қазақстанда Интернет кең тараған, ал дәстүрлі ақпарат құралдарына сенім аз, сондықтан Facebook-қа тиесілі WhatsApp, Messenger және Instagram-мен қоса, Telegram және Signal сияқты ақпарат алмасу қызметтері пікір алмасу, ақпарат тарату және кей жағдайда жұмылудың негізгі құралы саналады» деп жазады автор.

Оның айтуынша, бұл заң күшіне енсе, әлеуметтік желі компаниялары «жергілікті билік балалар үшін қауіпті деп тапқан контентті 24 сағат ішінде алып тастауы керек». Бұл талап орындалмаса, ол қызмет «толық өшіріледі».

Бұған қоса, әлеуметтік желілер Қазақстанда өз компанияларын ашуға міндеттеледі.
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің айтуынша, бұл жоба байланыс жүйесін мемлекеттің көбірек бақылауына мүмкіндік береді.

«Бұл өзгерістердің ауқымы кең әрі ол бала мүддесі шеңберінен асып кетеді. Іс жүзінде Интернетте бардың бәрін бала мүддесін қорғаумен байланыстыруға болады» деді ол.
Парламенттің төменгі палатасы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған соң халықаралық Freedom House ұйымы «Интернет бостандығы» бойынша жылдық есебін жариялады, онда Қазақстан «еркін емес ел» қатарына кірген.

«Билік контентті күшпен алып тастаудың техникалық емес әдістерін де қолданады. Мәселен ақпарат құралына белгілі бір материалды алып таста деп тікелей қысым жасайды, халықаралық әлеуметтік желі платформаларына да сондай шағым түсіреді» делінген Freedom House есебінде.

«Әлеуметтік желі компанияларын бақылауда ұстауға бағытталған осы сияқты ереже биыл ақпанда Ресейде де қабылданған. Мұндай жаппай бақылау мемлекеттік цензураға мойынсұнбайтын әлеуметтік желілерге қатаң шара қолдануға алып келуі мүмкін» деп қорытады автор.