Айдос Сарым: Желіде отырғандардың басы айналып, психологиясы бұзылған
Бір кездері оппозициялық көзқараста болған қоғам белсендісі Айдос Сарым өзіне қатысты айтылып жүрген «биліктің агенті» деген әңгімелерден әбден шаршағандықтан, биліктегі «Нұр Отан» партиясына өткен. Бұл туралы Сарымның өзі «Қала мен Дала» газетіне берген сұхбатында айтты.
«Айдос Сарым – «биліктің агенті» деген әңгімелер әбден шаршатты, сондықтан да осы тақырыпты біржола жабайын деген ниет еді. Жай ғана агент емеспін, билік партиясының мүшесімін, билік ұсынып отырған күн тәртібі мен реформалық бағыттың белсенді қолдаушысымын. Бұл тақырып енді үзілді-кесілді жабылған шығар деп ойлаймын. Интернетте көз майын тауысып, мені жау қылып, қызыл кеңірдек болған ағайындар енді ентігін басып, басқа шаруаға назар аудара алатын болды. Бұл да бір жетістік.» деді Сарым.
Сонымен қатар ол осы сұхбатында әлеуметтік желіде отыратындарды «басы айналып, психологиясы бұзылғандар» деп сыйпаттайды. Оның айтуынша, қазір қоғамда радикалды көзқарас пен пікір артқан.
«Мен осы кезге дейін (он бес жыл бопты) ешбір партияға мүше болған жоқпын, маған ауыр сөз айтып жүргендермен бір ұйымда мүше болған жоқпын. Яғни ондай ниетім де, ондай қажеттілігім де болған жоқ.
Мәселе, керек десеңіз, онда да емес. Мәселе, біздің қоғамдағы радикалдық көзқарастар мен пікірлердің артуында.
Әлеуметтік желіде отырғандардың бастары әбден айналып, өзінен басқа адам, өз пікірінен басқа, өзге пікір жоқ, болмауы тиіс дегенге саятын психологияға ие болды. Өзімен келіспегендерді қарғап-сілеу, жау санау, табалау авторитаризм мен тоталитаризм болмағанда не?
Әлеуметтік желілер демократия құралы емес, керісінше, авторитарлы һәм тоталитарлы технология. Елдің проблемалары шаш етектен, шешілмеген, қордаланған мәселесі жетіп жатыр. Соларды түзеу, жөндеу үшін айтысу да, тартысу да керек, партияларға бірігіп, ұйым болып саяси күрес жүргізу де керек.
Бірақ, саясат үшін өзгені «ата жау», «халық жауы» деп көрсету, көкбеттеніп кектену, ызаланып өштесу ешбір елді жақсылыққа апармаған. Бара-бара бұл мінез, бұл психология, құдай бетін аулақ етсін, азаматтық соғысқа да апаруы ықтимал» деді Айдос Сарым.