Айдос Сарым: Қазақ интернеті намыстан жаралған

0

Бүгін Астанада кезекті қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы басталып кетті. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, шараның шымылдығын ашты.

АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Теодор Линг фактчекинг мәселесін қозғай отырып, бүгінгі күнге барша журналистке сәттілік тіледі.

Qazaqstan корпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин ұлттық арна мобильді қосымшасының жүктеушілердің саны 500000-ға жеткенін жеткізді.

Міне, ресми бөлімнің қысқаша картинасы осындай. Екі минут өтпей жатып, І сессия өз жұмысын бастап кетті.

Қазфорум

«Қазақ интернеті де намыстан жаралған», — деп сөзін бастаған саясаттанушы Айдос Сарымның Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы сөз қозғауы ұйқылы-ояу отырған әріптестеріміздің үстінен суық су құйғандай болды.

«Сын айтқан сайт жабылып қалатыны шындық қой, сосын кеп асыра мақтаймыз билікті», — деп қалды Сарым. Осы тұста Қазконтенттің су жаңа басшысы Думан Қожахметов оған қарсы шықты. Сөз дуэлінде ағасы інісінен басым түсті.

Қазфорум

«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров керісінше, Елбасының » Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жақсы оқылғанына ерекше назар аудартты. Ал Айдос Сарым болса, «аудиторияға не қажет екенін өзіміз білмейміз» деп мәселе-сұрақты төтесінен қойды.

Қазақ сайттарын ашқан азаматтар қазақ интернетінің намыстан жаралғанының ақиқат екенін баса айтты.. «Baribar.kz» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай бұл пікірге қосыла кетті. 2013 жылы «Baribar» — намыстан дүниеге келген сайт екендігін айтқан Серікболдың Ерболы дәл қазіргі таңда  сайттың  екінші тынысы  ашылып, жарнама арқылы қаражат таба алатын сайтқа айналғанын атап өтті. Форум жұмысы қыза түсті.

Жазира Байдалы

«Қамшы» сілтейді