Айдос Сарым:  «Интернетті Айдос Сарым 6 сағатқа бұғаттап тастады» деген әзіл өзіме де ұнады

0

Өткен аптада жер жүзінде интернеттің  бұғатталуын өзімен байланыстырған әзіл ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымға ұнап қалыпты. Бұл туралы ол «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайға берген сұхбатында айтты.

–Кеше интернетте: «Айдос Сарым интернетті 6 сағатқа бұғаттап тастады» деген әзілді көріп, күліп алдым. Біріншіден, бұл – біреудің мүлкі. Біздің қолымызға қалай өтеді? Біздің азаматтардың Facebook-ке, Цукербергке жаны ашымай-ақ қойсын! Ол – ірі миллиардер, алып компанияның қожайыны. Өзінің мыңдаған адвокаты, заңгері, мәселемен айналысатын маманы жетіп жатыр,– деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол жаңа заң жобасында қарастырылып жатқан  ірі әлеуметтік желілердің елімізде арнайы бөлімдерін ашу мәселесіне  қатысты да түсініктеме берген.

– Басты мәселе – біреу. Бұл заңның саяси көзқарасқа ешқандай қатысы жоқ. Бүгінге дейін Үкімет тарапынан Google-ге және т.б. шағымдар болғанымен, біреуін де орындаған жоқ. Бұл – қақысы. Біздің мақсатымыз – уәкілетті орган құрылуы керек.

Ал азаматтардың құқығын қорғау – мемлекеттің міндеті. Егер Сіздің балаңыздың құқығын таптайтын бір бейнежазба тарап жатса, Цукербергке емес, мемлекетке шағымданасыз. «Айналайын, Үкімет! Шара қолданыңдар, мына не масқара болып жатыр? Егер ешқандай мүмкіндігі, заңы, талабы болмаса онда не үшін мемлекет құрдық? Не үшін салық төлеп жүрміз?» деген әңгімені өзіңіз бірінші бастайсыз,

Сол орган адамның құқы, мемлекет мүддесіне қатысты мәселе туындаған кезде шетелдік компанияға хабарласып, соның ішінде жауапты мамандарын тауып, мекенжайын, байланысатын телефон нөмірін білетін жағдайда болуы керек. 24 сағат ішінде заңсыз контентті алып тастауға әрекет етуі тиіс. Я болмаса, санкциялар болуы ықтимал. Бірақ Ресей, Қытаймен салыстырсақ, біздің мемлекеттің мүмкіндігі аз. Қолымыз аса ұзын емес,– деді Айдос Сарым.

Заң жобасы әлі екініші оқылымда жан-жақты талқыланады.