Айдос Сарым: «Арон Атабек қазір бостандыққа шықса, кәдімгі интернеттегі кейіпкер болар еді»

0

Журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында депутат Айдос Сарым осындай пікір айтты.

Түрмеде отырғанына 15 жыл болған ақын әрі диссидент Арон Атабек туралы өз пікірін айтқан саясаттанушы Айдос Сарым: «Арон Атабек — қазір бостандыққа шықса, ол керемет әңгіме айта алады дегенге сенбеймін, өзім… Шығып жүрсе ол да кәдімгі интернеттегі кейіпкер болар еді» деді.

Бұл туралы Ринат Рафхат: «Сарымның сөзінен — значогінің құны қымбат болды» деп пікір жазды.

Естеріңізге салайық, 2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары «жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар» деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне бензин құйылып, өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.

Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің «заңды талабына бағынбау» айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен АҚШ мемлекеттік департаменті өз материалдарында Қазақстандағы саяси тұтқындар тақырыбын жиі көтеріп, әр жолы Арон Атабектің есімін атайды. Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі былтырғы резолюциясы Арон Атабек пен «қазір түрмеде отырған барлық белсендіні және саяси тұтқынды босатуға» үндеген. Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоғын айтады.