Айдар Тұрғанбек: Орамал таққан қыздармен емес, арсыздармен күресу керек
Күні кеше «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбек барлық әріптестерінің басын қосып, «Аман жүр, анашым» атты әніне түсірілген бейнебаянның тұсауын кесті. Аталмыш шараға қонақ ретінде шақырылған NUR.KZ тілшісі әншімен сұхбаттасып қайтты.
Клиппен қоса әнін де жаңадан таныстырған әнші туындыны жарыққа шығару оңай болмағанын айтты.
— Шынымды айтсам, бұл ән өте ұзақ жазылды. Сөзін, әнін жазу, балаларды тауып дауыс жаздыру да оңай болмады. 10-15 әннің, 20 шақты сөздің ішінен іріктеліп алынды. Оның үстіне ән екі тілде орындалды. Бірі – қазақша, екіншісі – ағылшын тілінде.
— Әннің сөзі мен әуені емес, ең бірінші тақырыбы пайда болған сияқты…
— Иә, ең әуелі осы тақырыпта ән жазу туралы идея келді. Себебі, жетімдер мәселесі тек Қазақстанда емес, әлемдегі ең үлкен әрі ауқымды проблема болып тұр. Қазір жауапкершіліктен қашатын ата-аналар көп, жеңіл жүрістің кесірінен опық жеп жүрген қыз-келіншектер, алдап соғатын азаматтар көбейген. Осы мәселені әнге қосып, жастарға, болашақ ата-аналарға бір ой салғым келді.
— Ағылшын тілінде ән салу кімнің идеясы болды?
— Егер махаббат, достық тағы басқа тақырыптағы ән болса мен ағылшынша айтпас едім. Бұл жоғарыда айтқандай дүниежүзілік дерт болып тұр. Сондықтан, әлем тыңдасын, тек отандық емес, шетелдік азаматтар да мұндай қателікке жол бермес бұрын ойлансын деген ниет болды.
— Бұған дейін тек қазақша шырқаған сізге ағылшынша ән шырқау қаншалықты қиын болды?
— Мен ағылшын тілін білмеймін. Оқыған емеспін. Мектепте неміс тілін оқыдым. Бірақ, ағылшынша айту қиын болған жоқ. Өйткені, мен негізі жас кезімде Backstreet Boys, Beyonce дегендерді көп тыңдадым. Солардың әндерін айтып, тілімді сындырған едім. Соның пайдасы болды. Тек барлық әріптерді қазақша жазып алдым. Алайда, қателік кетпесін деген ниетпен ағылшынша сөзін жазған ақын студияда қасымда болды. Қате жерлерін түзеді.
— Әлемдік деңгейге шығатын бейнебаянға қаржыңызды аямаған шығарсыз?
— Жоқ, бұл соншалықты үлкен ақшаға түсірілген шулататын «супер» бейнебаян емес. Мен бейнебаянға емес, ән мен сөзге көп көңіл бөлдім. Себебі, мен клиптен бұрын әннің ағылшынша нұсқасын шетелге шығарып, таратсам деген ниеттемін.
— Жетімдер үйіне қаншалықты жиі барасыз?
— Жетімдер үйіне көп баруға тырысамын. Балалардың көзіндегі мұңды, жүректегі сызатты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оларға қандай жақсылық жасасақ та, қуаныштары су сепкендей басылады. Өйткені, жылу жетіспейді. Бейнебаянға да шынайлықты көрсету үшін Әмина апамыздың қамқорлығындағы 3-4 баланы шақыртып түсірдім. Кез-келген адам ол балалардың көзіндегі мұңды байқай алады.
— Жетімдер санының күн сайын артуының басты себебі неде деп ойлайсыз?
— Үйдегі тәрбиенің төмендігінен деп білемін. Еуропаға еліктеп, ата-аналар балаларына шектен тыс еркіндік береді. Телефон мен ғаламтордан көзалмайтын бала әсте қателікке бой алдырары анық. Соңғы кездері елді шулатып жүрген «мектеп оқушыларына мүшеқап сату, абортқа рұқсат ету» деген мәселе де дұрыс емес.
Бұл шектен шығу. Сол сөзді айтқан адамдар өздерінің қыздарына, қарындастарына осындай арсыздықты, зияндылықты қалар ма екен?! Одан да мектепке орамалын тағып, етек-жеңін жауып барғаны жақсы емес пе? Орамал таққандармен емес, осындай арсыздыққа жол бермеумен күресу керек. Мектепке имандылық сабағын алып келу керек. Олар дінді, діндегі тазалықты білу керек. Біздер осыны бүгіннен үйретпесек, болашағымыз бұлыңғыр.