Айдар Тұрғамбек балаларға аяғын уқалатқан дін қызметкерінің туысы болып шықты

0

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы мешітте дін қызметкерінің балаларға аяғын уқалатқан видеосы әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен талқылау туғызды. Әнші Айдар Тұрғамбек осы оқиғаға байланысты дін қызметкеріне қолдау білдірді.

Оқиғаға қатысты пікір білдірген Айдар Тұрғамбек дін қызметкерінің әрекетін қолдап, оның ниеті дұрыс болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ, қоғамды мұндай жағдайларда түсіністікпен қарауға шақырды.

“Қазір адамдардың үлкен қателігі, білмей жатып, тексермей жатып, танымай жатып өсекке араласып кететіні жанға батады. Кешегі қоғамда болып жатқан видеоға менің де кішігірім жауабым болсын. Абдужаппар нағашымды менен артық көп адам білмейтін шығар. Өйткені әрі нағашым, әрі ұстазым, кішкентай кезден қолында өстім. Тек Қазақстанға емес, тіпті Орта Азияға жасаған еңбегі орасан зор. Бүкіл ғұмырын Алла жолына арнаған. Қайтсем де қазақтың балаларын оқытсам, көзін ашсам, Алласы мен пайғамбарын танытсам деп келе жатқанына 30 жылдан асты. Бұл жасаған жақсылығының бір шеті ғана. Мен үшін Қазақстанда бүкіл өмірінен үлгі алатын жалғыз адам осы кісі. Көп нәрсе жазғым келіп отыр”, – деп жазды әнші.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамның әртүрлі пікірлерін тудырды. Кейбіреулер дін қызметкерінің әрекетін қолдаса, басқалары оны сынға алды.