Айдаладағы көп балалы ана өзінің құрылыс компаниясында істейтінін білген

0
444
Сурет: ratel.kz

Көп балалы ана Жанар Байтұрғанова Алматы облысы Қаратал ауданы Бастөбе ауылында тұрады. Күні кеше ол жергілікті ХҚКО-ға барып, мамандардан зейнетақы жинағына қатысты анықтама беруді сұрайды. Құжаттан әйел белгісіз компанияның өзіне зейнетақы жарналарын аударып отырғанын біледі, деп хабарлайды Ratel.kz ақпарат агенттігі.

«Құжаттардан «Талдықорған Жолдары» ЖШС-да «жұмыс істейтінім» белгілі болды. Олар зейнетақы жарналарын аударып отырған. Бірақ мен ол жаққа ешқашан барған емеспін, тіпті, қайда орналасқанын да білмеймін», — дейді Жанар Байтұрғанова.

12 ақпан күні әйел Талдықорғанға келіп, әлгі компания өкілдеріне жолығады.

«Такси жүргізушісі екеуіміз әлгі ЖШС-ны бірнәрсе қылып таптық. Бухгалтерияда менің оларда жұмыс істейтінімді айтып, тіпті, өтініш жазып жұмыстан шығуымды талап етті. Мен ашуланып кетіп қалдым. Өзім атаулы әлеуметтік көмек алып отырмын. Ертең маған сен жұмыс істеп отырсың, табысыңды жасырасың дейді. Тіпті, әлеуметтік көмексіз қалуым мүмкін, ал менің екі мүгедек балам бар. Мен мұны бей-жай қалдырмаймын», — дейді көп балалы ана.

Ratel.kz тілшісі «Талдықорған Жолдары» ЖШС-ға барды. Бірақ бас есепшінің орынбасары Ақмарал Нысанбаева мүлдем басқа нұсқаны айтты.

«Бәлкім қателік кеткен шығар. Біз оған білмей зейнетақы жарналарын аударып отырғанбыз. Әйел өтініш жазып, әлгі ақшадан бас тартуы тиіс», — деп нақтылады Ақмарал Нысанбаева.

Жанар Байтұрғанова ЖШС-ның өз мәліметтерін қалай алғанына аң-таң болып отыр.