Аятолла Әли Хаменеи наразылықты басып-жаншуға бұйрық берген

0
16

Reuters Иран жайлы есебін 23 желтоқсанда жариялап, Хаменеи 17 қарашада жиын өткізіп, президент Хассан Роуханиге, министрлерге және басқа шенеуніктерге «дауыс көтеріп, наразылықты тоқтатудағы жұмыстарын сынағанын» жазды.

Reuters агенттігінің Хаменеиге жақын дереккөзінің сөзінше, аятолла жиында «Иранға қауіп төнді. Мұны тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін істеңдер. Бұл – менің бұйрығым» деп айтқан.

Аятолла Әли Хаменеи Тегеранда ислам құндылықтары жайлы лекция оқып отыр. Тегеран, 24 желтоқсан 2019 жыл.

Аятолла Әли Хаменеи Тегеранда ислам құндылықтары жайлы лекция оқып отыр. Тегеран, 24 желтоқсан 2019 жыл.

Қарашаның ортасында Иран билігі елде бензин бағасын көтерген соң, 15 қарашада елде жаппай наразылық басталған. Кейін халық билікке басқа да талаптар қойды. Тегеран елде интернетті бұғаттап, ұялы байланысты шектеді. Reuters дерегінше, Хаменеидің жиыны 17 қарашада өткен.

Reuters ақпарат агенттігі Иран ішкі істер министрлігінің үш өкіліне сілтеме жасап, қарашада болған екі апталық наразылықта 1500-дей адамның қаза болғанын хабарлады.

Иран билігі наразылық кезінде қанша адамның қаза тапқанын нақты айтпады. Ал Amnesty International халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы наразылықтан кем дегенде 304 адамның қаза тапқанын хабарлаған. АҚШ мемлекеттік департаменті Ирандағы наразылықта мыңнан астам адамның көз жұмды деп болжайды. Тегеран AI мен АҚШ-тың қаза тапқандар жайлы дерегін жоққа шығарып, «наразылық кезінде бірнеше адамның қаза болғанын» айтты.

Иран ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Алиреза Зарифиан Еганех 23 желтоқсанда Reuters агенттігінің деректерін «жалған пропаганда» және «сенімсіз» деп сынады. Оның сөзін Иранның Press TV жариялады.

Еганех Reuters агенттігінің деректерін «қауіпсіздік жағынан ғана емес, ақпарат пен журналистика тұрғысынан түкке тұрғысыз» деген.

Ресми Тегеран елдегі наразылыққа «сыртқы жаулары» – АҚШ, Израиль, Сауд Арабиясын кінәлайды.

Press TV мен Иранның басқа да басылымдары наразылықтың басында жүрген жүзден астам адам ұсталғанын хабарлады.

Reuters дереккөзінің сөзінше, 17 қарашадағы жиында режимді құлатқысы келетін наразылармен келіссөз жүргізу мәселесі де талқылаған.

Фото: Өртенген ғимарат, қираған банк. Наразылықтан кейінгі Иран

«Жауларымыз біздің елімізді құлатқысы келді. Сондықтан жедел шара қажет болды» деген Иран шенеуніктерінің бірі.

Иран билігіне жақын үш адам Reuters агенттігіне «Хаменеи бұрын билікке талап айта бермейтін шағын қалалардың да наразылыққа қосылғанына қатты ашуланғанын» айтқан.

Ислам революциясы сақшыларының корпусы Reuters агенттігіне қандай да бір пікір беруден бас тартқан.

Бірақ Reuters Ислам революциясы сақшыларының корпусының Керманшах қаласындағы өкіліне сілтеме жасап, 18 қарашада биліктен «наразылыққа нүкте қою» туралы бұйрық түскенін жазған.

Оның сөзінше, жоғарылан «Иранның астаң-кестеңін шығарғысы келетіндердің ешкімін аямаңдар» деген бұйрық түскен».

2015 жылы АҚШ Иран ядролық келісімінен шығып, Тегеранға санкцияны күшейткелі ел экономикасы тұралап, ақшасы құнсызданды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз