Аяқпен теуіп, сындырып жіберді. Оралда екі әйелдің дүкендегі төбелесі жұрттың жағасын ұстатты (видео)

0
33279
Коллаж: Tengrinews.kz

Оралда куәгерлер сатушы мен сатып алушы әйелдердің арасында болған кикілжіңді видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды. Қазір полицейлер осы іспен айналысып жатыр.

Екі әйелдің жаға ұстасқанын пабликтердің бірінде жариялады. Видео авторы оқиғаның Ремзауыт қасындағы «Сказка» деген дүкенде болғанын нақтылады.

«Бастапқыда сатып алушы әйелдің өзін дұрыс ұстамағанын көруге болады. Ал сатушы сабыр сақтап, полиция шақыратынын айтады. Сатып алушы сөрені аяғымен теуіп, сындырып жіберді. Есі дұрыс емес екені көрініп тұр. Ол сатып алушыны жындандырып жіберді. Сұмдық-ай» деп жазды желідегілер.

«Құдайым-ай, жұмыс істеудің өзі қорқынышты ғой. Қыз баланы өлгенше ұрып тастайтын болды ғой. Әдептілік деген нәрсе болуы керек қой» деп жазды басқа бір желі қолданушысы.

Полиция департаментіндегілер аталған видеоны көргенін және оны тексеріп жатқанын мәлімдеді.

«12 қаңтар күні сағат 12 шамасында Гагарин көшесінде орналасқан дүкенде 50 жастағы сатып алушы мен сатушының арасында қызмет көрсетуге қатысты жанжал туындаған. Нәтижесінде сатып алушы аузына келгенін айтып, сөрені сындырып тастайды. Орал полиция басқармасына сатып алушыдан және дүкен әкімшісінен арыз келіп түсті. Оларды полиция қызметкерлері тексеріп жатыр. Қандай құқықтық жауапкершілікке тартылатыны кейінірек белгілі болады», — деді БҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.