Аян беріп шақырған ағам еді…Баққожа Мұқай туралы естелік
Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы да, сыры да көп. Соның бірі – аян. Яки, алдағы күндері елдің, иә болмаса, өзіңіздің басыңыздан өтетін оқиғалардың түсіңізге енуі.
Бір қызығы, мұндай тылсым қасиет Жаратушы иеміз ерекше қабілетті етіп жаратқан әулие, көріпкел кісілерге ғана емес, біз сияқты қарапайым жандарға да тән болып табылатын сияқты.
Осы ретте сіздерге өз басымнан өткен бір қызық жайтты айтқым келіп отыр.
…Әлқисса, 1996 жылы жазғытұрым түсімде бір сабырлы, сымбатты, парасатты кісіні көрдім. Үстіне кигені – жап-жаңа костюм, ақ көйлек, галстук.
Кешкі мезгіл-ау деймін, шамасы. Кең кабинетте отырған әлгі кісінің үстелінде кітап оқуға, жазу-сызуға жарық түсіретін жалғыз шам жанып тұр.
Ішке кіргенімді көріп, орнынан баяу көтерілді де, маған қарай жақындады. Содан соң әлдеқандай бір сенім артқандай қолымды қысып, иегімен ақырын ғана терезе жақты нұсқады.
Ғажап. Әлгі терезеден Алматының тең жартысы көрінеді екен. Көше шамдары жарқырап, сан түрлі түске еніп, ерекше көз тартады. Жүрегім лүпілдеп, япыр-ай, біздің қала қандай сұлу деймін…
Сөйтіп жатып, оянып кеттім.
Содан…
Арада екі аптадай уақыт өткенде әлдеқандай бір шаруамен Жібек жолы көшесінің бойындағы тоғыз қабатты биік ғимаратқа бара қалмаймын ба. Ол кезде бұл ғимаратта бірнеше басылымдардың редакциясы бар еді. Ұзына бойы созылған қаракөлеңкелеу дәлізде «Парасат» журналының бас редакторы, көрнекті жазушы, драматург Баққожа Мұқай ағамен қарама-қарсы ұшыраса кеттік.
− Өй, қал қалай? – деді ол кісі маған бір әзіл айтуға оқталғандай езу тартып.
− Жақсы, − дедім мен жымиып.
− Қойшы-ей! Біраз уақыттан бері жағдайым жақсы деген кісіні бірінші рет кездестіріп тұрмын. Осы күні кімді көрсең де «ойбай, анау жетпейді, мынау жетпейді» деп жылап жібереді. Ал сен өзің… қайдасың қазір?
− «Жеті жарғы» баспасындамын.
− Ә-ә, түсінікті болды, − деді Бәкең басын шұлғып. Ол кезде жаңадан ашылған «Жеті жарғының» жағдайы, расында да, басқалардан көш ілгері еді. – Қай бөлімдесің?
− «Әділет министрлігінің хабаршысы» деген ведомстволық журнал шығарамыз, аға.
− Айлығың қалай?
− Жақсы.
− Қаламақың ше?
− Өте жақсы!
− Өй, сен де… – Бәкең басын шайқады. – Дегенмен, жүрші біздің кабинетке. Асықпай отырып сөйлесейік.
Соны айтты да, ол мені кабинетіне қарай бастай жөнелді. Ішке кірген соң, жұмсақ креслоға жайғаса кетіп, маған қолымен ымдап орын ұсынды. Сосын хатшы қызға екі пиала шәй алдырып, манадан бері көңілінде іркіп тұрған әңгімесіне кірісті.
− Естіп жүрген шығарсың, «Парасаттың» көркемдік деңгейін көтереміз деп, сөздің парқын түсінетін өзің секілді жас қаламгерлерді жұмысқа шақырып жатырмыз…
Мен Бәкеңнің не айтпақ болғанын бірден түсіндім де, ішімнен «арба да сынбасын, өгіз де өлмесін» дегендей бір айма-тайма жауап іздей бастадым. Ол да менің осы ойымды дөп басып:
− Әй, бірақ… – деп әңгімесін үзіп, ойланып қалды. – Мына түріңе қарағанда, сен мұнда келе қоймайтын сияқтысың.
Бәкеңнің даусы қатқылдау шықты. Бұл кісі кейде көңілге қарамай, ойындағысын тіке айта салатын талапшыл, қатаң басшы дегенді бұрында естігенім бар-ды. Сол есіме түсіп, үнсіз қалдым.
Осыдан кейінгі әңгімеміз, расын айтқанда, онша жараса қоймады.
− Әйтсе де, ойланып көр, − деді Бәкең.
Кенет…
Орнымнан тұра бергенім сол екен, әлгі кабинеттің үлкен терезесінен әсем Алматының тең жартысы көрініп тұрғанын аңғарып, аң-таң болдым. Апыр-ай, қандай таныс көрініс! Мен мұны өткенде… түсімде… иә, иә, түсімде көрген жоқ па едім…
Содан соң жалт бұрылып, Бәкеңе қарадым. Жаңа қалай байқамағанмын? Үстінде – жап-жаңа костюм, ақ көйлек, галстук…
Әлгі орынға сылқ етіп қалай отыра кеткенімді білмеймін. Енді Бәкең маған таңдана қарап қалыпты.
– Жарайды, аға, − дедім кенет шекемнен шып-шып шыққан терді алақаныммен сүртіп. – Келсем, келейін…
Міне, сөйтіп күтпеген жерден «Парасат» журналының қызметкері болып шыға келдім.
Әрине мұндай оқиғаға сене қоюдың өзі қиын шығар. Бірақ имандай шыным. Бір ауыз өтірігі жоқ. Дәл солай болғаны ақиқат.
Ағымнан жарылып, алғаш рет сіздерге айтып отырмын. Баққожа ағаға да бұл туралы тіс жарған емеспін. Бірақ алда-жалда айта қалған күннің өзінде де, ол кісінің әзілге айналдырып, басын шайқап, күліп кете беретініне күмәнім жоқ-ты…
* * *
Республикалық «Парасат» журналы сол жылдары, шын мәнінде, жазушы, драматург, публицист Баққожа Мұқайдың шығармашылық мектебі іспетті еді.
Онда Қалихан Ысқақов, Зәкір Асабаев секілді көрнекті қаламгерлермен бірге Қали Сәрсенбай, Талаптан Ахметжан, Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек секілді талантты жастар қызмет істеді.
Журнал қалың оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп, таралымы тез өсе бастады.
Қалихан ағаның көркем эсселері, Зәкеңнің астарлы публицистикалық топтамалары, Қалидың өнер әлемі туралы сыршыл толғаулары, Талаптанның жазушы, драматург Әкім Таразимен жүргізген әңгіме-сұхбаттары, Әмірханның тарихи-әдеби зерттеулері, Жарастың өткір де өзекті мақалалары бірінен соң бірі жарық көріп, сенсация тудырып жатты.
Ара-тұра Баққожа ағамен іссапарларға бірге шығып, ел танып, жер көріп жүрдік. Солардың бірі бүгінге дейін көз алдымда…
* * *
Екі мыңыншы жылдың қоңыр күзі. Жол үстіндеміз. Бағытымыз – оңтүстіктегі облыстар, мақсатымыз – «Парасат» журналының оқырмандарымен жүздесу.
Біз Алматыдан алыстаған сайын қоңыр күздің реңі өзгеріп, алдымыздағы жазық даланың сары бояуы көбейе бастады. Тап жаздағыдай сарытап ыстық болмағанымен, күннің қызуы молайып, жеңіл машинаның ішінде маужырап, қалғып-мүлгіп келеміз. Кенет Бәкең даусын баяу созып, күзгі даланың сыршыл әуеніндей сағынышқа, нәзік мұңға толы бір әнге басты…
Сен едің ертеменен-ау, қозы ағытқан,
Мен едім боз жорғамен орағытқан, еркем-ай…
Әуелде алыстан үзіліп-талып, тау жақтан ескен қоңыр самалмен бірге шалқығандай көрінген әуеннің сөзі енді-енді құлағымызға жетіп, көзімізді аштық…
Елең-алаңда оянып, желідегі қозыларды ағытып жүрген мұңлық қыз бен әлдеқайдан боз жорғасын ойнақтатып шыға келген сері жігіттің елесі пайда болады қиялымызда. Сонау бір есте жоқ ескі заманалардан бері жүректен-жүрекке жетіп, тыңдаушының көңілін елжіретіп келе жатқан қандай ғажап ән еді, шіркін…
Қол созым жерде тұрса да бір-біріне жете алмай, арманда өткен қос ғашық кім? Қай кезде, қандай заманда өмір сүрген?..
Осы бір ән көңіл айдынын толқытып, көпке шейін үнсіз отырдық. Тіпті күн батып, қас қарая бастағанын да кеш аңғарыппыз.
Кенет қарсы алдымыздан самаладай жарқырап тізбек-тізбек шамдар көрінді.
− Бұл қай жер? – деді Бәкең елең ете қалып.
Алдыңғы жаққа қарап, Ақыртөбеге жетіп қалғанымызды бір-ақ аңдадым. Бұл – күре жолдың қос қапталына тізіле қонған асүйлердің шамдары еді. Көңілі қалап, қалтасы көтерген жолаушы осында тоқтап, ас-ауқат ішіп, әлденіп алатын.
Алайда асүй деген аты болмаса, олардың дені уақытша орналасқан вагон үйлер еді. Нарық қыспағынан қысылып-қымтырылып, күнкөріс қамына кіріскен жергілікті жұрттың әзірге тапқан бар амалы да осы – күре жолдың бойында күндіз-түні жолаушыларға ас қамдап, табыс табу.
− А-а, − деді Бәкең басын шұлғып. – Енді түсіндім… Бәлкім, біз де осында тоқтап, ыстық сорпа ішерміз.
− Ой, аға, бұл жерге көбіне жүк машиналары тоқтайды, − дедік біз кежегеміз кейін тартып.
− Несі бар, олардың жүргізушілерімен әңгімелесеміз. Үнемі алыс сапарларға шығатын кісілердің көрген-білгендері көп болады.
− Енді бір сағаттан соң Тараз қаласына да жетеміз ғой!
− Жоқ, жігіттер, осында түсейік…
Қаз-қатар тізілген вагон-үйлердің бірінің алдына келіп тоқтадық. Кешкі қоңыр салқын ауада керіліп-созылып, бойымыздың құрыс-тырысын жазып алдық. Содан соң вагон үйдің алдындағы құрақ көрпеше төселген сәкінің үстіне шығып, бір-бір жастықты қолтығымызға қысып, қисая кеттік. Асхананың иесі көптен күткен сыйлы қонақтары келгендей қуанып, зыр жүгіріп жүр. Бәкең де олармен ежелден таныс кісі сияқты емен-жарқын әңгімелесіп, ауыл-аймақтың амандығын түк қоймай сұрап жатыр.
Бір кезде вагон үйден сұңғақ бойлы, аққұбаша келген талдырмаш қыз шығып, тамаққа тапсырыс ала бастады. Мөлдіреген бота көздерін төмен салып, кісіге тура қарамай, ақырын ғана сөйлейді екен.
− Қарағым, сен бұл ауылдың қызы емессің ғой, солай ма?! деді Бәкең оған зейін сала қарап.
− Иә… − Қыз ұяң ғана үн қатты.
− Шамасы, Қызылорда жақтан келген болуың керек.
Қолындағы бір тілім қағазға біздің «тапсырысымызды» жазып алуға кіріскен қыз сәл езу тартып, Бәкеңе таңдана қарады.
− Иә. Шиеліденмін.
− Бұл жақта апа-жездең бар ма?
− Иә.
− Демек, мынау асхана жездеңдікі болды ғой.
− Иә. Жездемдікі… Қандай тамаққа тапсырыс бересіздер?..
− Атың кім, айналайын.
− Анар.
− Жігіттер, − деді содан соң Бәкең бізге қарап. –Тамаққа көптеу етіп тапсырыс беріңдер. Анар қарындасым әкелетін астың дәмді болатынына мен сенемін.
Біз енді жымыңдап, бір-бірімізге қарадық.
− Болыңдар-ей, − деді Баққожа аға асықтырып. – Редакцияның іссапарға бөлген ақшасы жетеді.
Содан соң біздің тез жауап қата қоймай, бөгеліп қалғанымызды ұнатпағандай:
− Бұларға үлкен-үлкен кесемен ыстық-ыстық сорпа және үйме табақ етіп қуырдақ әкел, − деді.
− Жарайды.
Қыз жымиып күлді де, асүйге қарай беттеді.
Ал біз:
− Ой, Бәке-ай, сіздің қарындасыңыздың қолынан ас ішеміз деп біздің қарнымыз жарылатын болды ғой, − деп, ойын-шыны аралас Баққожа ағаға «өкпелеп» жатырмыз.
− Білем, − деді Бәкең күліп. – Таразда тамаша-тамаша мейрамханалар бар. Асықпасаңдар, оған да апарамын. Бірақ мынау жол үстіндегі елге аз да болса көмегіміз тисін… Күндіз-түні тамақ әзірлеп, қай жолаушы бұрылады деп екі көзі төрт болып отырған жоқ па.
Аздан соң Анар бізге ыстық сорпа алып келді.
− Өткен жылы Алматыға оқуға барып па ең? – деп Бәкең одан тағы да жауап алуға көшті.
− Иә, − деді Анар ақырын ғана.
− ҚазПИ-ге тапсырдың ба, әлде ЖенПИ-ге ме?
− ҚазПИ-ге…
− Соңғы емтиханнан өте алмай қалдың ғой, ә?
− Ой, ағай, сіз оны қайдан білесіз?
Қарақаттай жанары кең ашылып, Анар таңданып қалды.
− Білем, − деп жымиды Бәкең. – Биыл тағы да сол институтқа, тағы да сол факультетке барамын деп жүргеніңді де білемін.
Анар енді, одан сайын таңырқап, «аға, сіздің көріпкелдігіңізге бас имеске амалым жоқ» дегендей үнсіз тұр.
− Жұмыстан қолың босаған уақытта кітап оқып, дайындалып жүрсің бе? –деді Бәкең енді ағалық қамқор көңілмен.
− Иә…
Бірақ оқуға түсуге дайындалып жүргеніне өзге түгілі, өзі де сенбейтіндей қыздың ерні сәл ғана жыбыр ете қалды.
− Жақсылап дайындал, − деді Бәкең. – Сен қалайда оқуға түсіп, жоғары білім алуың керек. Болашағың әлі алда.
Бәкең айтқандай, Анар қарындасымыз пісірген ас, расында да, дәмді болды ма, әлде асүйдегілердің қонақжай пейіліне риза болдық па, білмеймін біз үйме табақ қуырдақты қалай жеп қойғанымызды тіпті, сезбей де қалдық. Қоштасарда Баққожа аға Анардың әпкесіне арнайы бұрылып:
− Күндіз-түні қара жұмысқа жегіп, қыз баланың бағын байламаңыздар, − деп бұрыннан таныс жандай қолқа салып жатты. – Жоғары оқу орнына түсу үшін көп оқып, дайындалуы керек.
− Иә, әрине − дейді Анардың әпкесі басын изеп. – Оны өзіміз де ойлап жүрміз ғой. Бірақ мына жерден азын-аулақ табыс тапса, ертең өзінің қажетіне жаратар дейміз де…
− Күре жолдың бойымен кімдер жүрмейді дейсіз, − деп Баққожа аға қасын керді. – «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген… Анар секілді жап-жас, көрікті, ақылды қызға көз сұғын қадайтындар көп шығар. Сондықтан ертерек оқуға түсіп, білім алып, құтты орнына қонғаны абзал…
− Біздің де тілегіміз сол, − деді Анардың әпкесі көзіне жас алып.
* * *
Ымырт қараңғылығы қоюлана түскен. Күре жолдың бойымен ерсілі-қарсылы ағылған машиналардың жарығы алқаракөк аспан төсін тіліп аққан құйрықты жұлдыздарға ұқсайды. Баққожа аға үнсіз. Маған ол алдағы күндерде жазатын жаңа шығармасының желісін ойлап келе жатқандай көрінді. «Пьеса жазатын болар?.. − деймін іштей қызығып. − Жаңағы асханадағы әңгіменің өзі бір пьесаға арқау болады емес пе».
…Күре жолдың бойындағы вагон үйлер. Күндіз-түні ас қамдап, әрі-бері ағылып өтіп жатқан жолаушыларға қарап отырған қарапайым жандар. Әне, олардың ішінде әлдеқайдан мүлде басқа әлемнен адасып келген аққудай сұлу қыз жүр…
− Аға, − дедім.
Үнсіз отырған Бәкең:
− А-а, − деді ұйқыдан оянғандай селк етіп.
− Жаңағы кісілердің тіршілігі бір пьесаға жүк болатын сияқты ғой. Жол бойындағы вагон асханалар таптырмайтын декорация, ал оларға келіп-кетіп жатқан жолаушылар әртүрлі кейіпкерлер емес пе?!.
− Әрине − деді Бәкең. – Бірақ пьесаға конфликт, яки шиеленіс, талас-тартыс қажет. Айталық жаңағы қарапайым жандардың өміріндегі бір ерекше күн арқау болуы мүмкін…
Ол тағы да ойланып, үнсіз қалды. Алдымыздан самаладай жарқырап Тараз қаласының оттары көрінді.
* * *
…Иә-ә, содан бері де бұл жолмен талай рет жүріп өттім. Ақыртөбедегі баяғы вагон үйлер жоқ қазір. Олардың орнына әртүрлі кафе, мейрамханалар салынған. Осыдан көп жыл бұрын өзіміз тоқтап, тамақ ішкен асхана қай тұста еді? Ол жерден қазір қандай кафе, иә болмаса, ресторан бой көтерді екен? Ал иесі… сол бұрынғы кісілер ме екен деп ойлаймын.
Бірақ әдейі тоқтап, іздестіріп көрген емеспін. Өйткені сол баяғы Анар қыз алдымнан күлімсіреп шығып: «Баққожа ағам қайда?» десе, не деп жауап бермекпін.
Аяулы азамат, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Баққожа Мұқай ағамыз ертерек дүниеден өтіп кетті деп қалай айтпақпын…
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»