Аялдамада екі әйелді қағып өлтірген жүргізуші сотта өкінішін жеткізді

0

«Балалардың анасының орнына өзім өліп кетуім керек еді!». Аялдамада тұрған екі келіншекті қағып өлтірген жүргізуші сот отырысында осындай өкінішін білдірді. Ол марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрағанымен, ешқайсысы оған құлақ аспады. Өйткені жүгенсіз жүргізушінің кесірінен 7 бала жетім қалған. 

30 жастағы Гузәл Есімхан екі ай бұрын базарға барып, Наурыз мерекесіне азық-түлік алып келуге аттаныпты. Алайда аялдамада тұрғанда көлік қағып мерт болған. Кейіннен жүргізушінің мас болғаны анықталды, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Қазір біз шешесіз қиналып жатырмыз. Балабақшаға апару керек. Жағдай қиын. Содан бері ешкім келген жоқ», — дейді марқұмның күйеуі Қалдыбай Есімханов.

Ішімдікке сылқия тойып алған жүргізуші Асқар Имантайдың да аяулы жарын қаққан. Мереке Әбенова 40 жас мерейтойын атап өте алмапты. Артында ботадай боздап төрт баласы қалды. Ең кенжесі үш жаста. 

«Қазір мен 4 балаға өзім қарап отырмын. Жұмыс істемегеніме екі жарым ай болды. Екеуі мектепте, екеуі бақшаға барады. Ауылға апарып жерлегенде ағайын-туыстарымыз бар ғой, солар көмектесті», — дейді марқұм Мереке Әбенованың күйеуі Аскар Имантаев.

Кеше екі адамның өлімімен аяқталған жол апатына қатысты сот процесі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Александр Типикиннің осыған дейін жүргізуші куәлігінен айрылғанын жеткізді. Оған қоса сол күні ішімдікке сылқыя тойып алып, көлік тізгініне отырыпты. Ал сотталушы бар кінәні мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. 

«Сіздердің отбасыларыңызға осынша қайғы алып келгенше, өліп кеткенім жақсы еді. Шынымен өкініп, көңіл айтамын», — дейді сотталушы. 

Еске сала кетсек, Оқиға 16 наурызда болған еді. Мас жүргізуші аялдамада тұрған үш адамды қағып кеткен. Екеуі алған жарақатынан көз жұмса, үшіншісі ауыр жарақат алып ауруханаға түскен. Жәбірленуші тарап жүргізушіні кешірмейміз деп отыр. Барынша қатаң жазаға кесілуін сұрауда. Қазір әйелдерінен айрылған екі жігіт те балаларына қарау үшін жұмыссыз отыр. Ал айыпталушы тарабынан ешкім келіп кешірім сұрап, көмек қолын да созбапты.

stan.kz