Аяғын екі рет басқан: Алматыда бірінші сынып оқушысын көлік қағып, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен
Алматының Алатау ауданында бірінші сынып оқушысын көлік қағып, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Баланың бір аяғын екі рет басып өткен жүргізушіні полиция емес, ата-анасы іздеп тауыпты. 7 жасар Інжудің барлық ем-домын өз мойныма аламын деген күдікті арызды қайтарып алыңыздар деп өтініпті. Жәбірленушінің отбасы енді қаққан адам кінәсін мойындамай, жауапкершіліктен қашып отқанын айтады. Ал күдікті «жәбірленуші тарап маған әу бастан жала жауып келеді» деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнебақылау камерасына «Тойота камри» көлігінің балалар ойнап жатқан көшеге қарай өтіп бара жатқаны анық түсірілген. Көп ұзамай, қайта тура осы жолмен кері келе жатқаны да кадрге ілігіпті. Інжудің ата-анасы «қызымызды осы көлік жүргізушісі қағып, қашып кеткен» деп отыр. Өйткені, оқиға 17 желтоқсан күні, тура түскі 3:00 шамасында болған екен.
«Кешкісін майда балаларға бардық, сендер көрдіңдер ме деп. Көрдік, артынан жүгірдік, бірақ нөмірін көре алмай қалдық деді. Әйтеуір ең соңында 5-і бар деді. Ал күдікке іліккен азаматтың көлігінің нөмірі 115 екен», — деді Інжу Байдахметтің әжесі Айкен Мешітбаева.
Оқиға орнына келген полициядан еш хабар болмағандықтан,10 күннен кейін Інжудің анасы Алатау аудандық ішкі істер бөлімшесіне қайта арыз жазуға барған. Сондағы естіген жауабынан әйел есеңгіреп қалған.
«Сендер 1-2 күн ойланып келіңдер, сен не жазатыныңды ойлап кел, тиындарың болса оны қарастырып келіңдер деп айтып тұр да жаңағы Руслан деген», — деді Інжу Байдахметтің анасы Аяулым Байдахметова.
Отбасының айтуынша, соңында қаққан адам кінәсін мойындап, үйге келіп кешірім сұрапты. Әрең қабылданған арызды енді қайта алыңыздаршы деп өтінген. Ата-анасы арбадағы Інжудің аяққа тұрып кетуіне көмектесемін деп сендірген соң, көнген. 120 мың теңгесін ұстатып, сол күйі хабарсыз кетіпті.
Ал күдікті «маған жала жауып отыр» деп, бәрін бір-ақ күнде теріске шығарды. Полиция да ер адамды жақтап отыр екен.
«Олар мені жақтап отырды. Айтты, иә біз саған сенеміз. Бұндай болуы мүмкін емес дейді, басып кеткендей. Мен қаққан жоқ едім. Менің жаным ашығаннан кейін, мен оларға көмек көрсеткен едім», — деді күдікті Айдын Аршабеков.
Заңгер Жанділдә Әжіғалиұлының айтуынша, бұл істе шикілік көп. Енді зардап шеккен тарап, полицияның өзін тексеретін «өзіндік қауіпсіздік басқармасына» шағым түсіруі керек екенін айтады.
«Жәбірленушінің өзі бір арызды прокуратураға тастап, сосын усб-ға барып, толығымен осы жағдайды арыз ретінде тіркеп қалдыруға толық құқығы бар», — деді заңгер Жанділдә Әжіғалиұлы.
Қалалық полиция басқармасы бұл іске қатысты ешқандай мәлімет бермеді. Үлкендердің тартысына нүкте қойылмай жатқанда, 7 жасар Інжу әзірге өзін сурет салумен жұбатып жүр. Ол ақ қағазға үнемі саябақта отбасымен бірге серуендеп жүргенін бейнелейді екен.