«Аяғым ауыр боп қалды»: Екі рет тұрмыс құрған Бақыт Шадаева жеке өміріндегі ешкім білмейтін құпияны айтты
Танымал әнші Бақыт Шадаева журналист Жан Ахмадиевтің Elmedia жобасына сұхбат беріп, жеке өміріндегі көптеген құпияны ашып айтты. Өнер адамы өзінің екі рет күйеуге шығып, екеуімен де ажырасып кеткенін және тағы бір сүйіктісі түсініксіз жағдайда сотталғанын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
«Екі рет тұрмыс құрдым. Бірінші жарыммен үш жыл тұрдық, ортақ бір қызымыз бар. Ол да өнер адамы еді, опера және балет бағытында жұмыс істейтін. Екеуміз де өнерде жүргендіктен, арада түсініспеушіліктер болды. Ол көбіне менің жолыма тосқауыл қоятын. Қызғаныш та жоқ емес. Осының бәрі шегіне жеткен соң, онымен ажырасып кеттім. Екінші күйеуім заң саласының өкілі. Сот болып қызмет ететін. Көрікті, жақсы жігіт. Бірақ оның қызғанышын сөзбен жеткізе алмаймын. Дәл солай қызғанатын адамды өмірімде көрмеппін. Қасымнан біреу өтіп кетсе де, қызғанып, шу шығаратын. Ал мен өзім өте тұрақты адаммын. Тұрмыста жүріп, басқаға көз салу деген табиғатымда жоқ нәрсе. Сол қызғаныш салдарынан ол мені үш рет нокаутқа жіберді. Бокспен шұғылданатыны да бар еді, үш рет ауыр соққы алып, талып қалған соң, ондай адамнан кету керек деп шештім. Өйткені, менің денсаулығым, өмірім керек өзіме. Қызыма керекпін. Сол некеден соң мен әлі күнге дейін қызғаныш деген сезімді жек көремін. Өзімің өнердегі жұлдызды шағымда осындай жағдайлар орын алды. Кейін өмірімде тағы бір адам пайда болды. Енді екі рет тұрмысқа шығып, ажырасқан соң, кезекті рет сақ болуға тырысасың ғой. Семейдің жақсы жігітімен көңіл қоса бастадым. Азаматтық некеде тұрдық. Онымен бірге көп ел көрдім, мемлекет қолдауымен де шетелге гастрольге көп баратын едім. Екеуміз екі ай Америкада тұрып, сол кезде аяғым ауыр боп қалды. Үлкен қызыма серік керік еді, ол да өсіп қалған. Қатты қуандым. Алайда елге келген соң оның проблемалары көбейіп кетті. Соның басындағы жағдайларды әлі күнге дейін дұрыс түсіне алмадым. Нағыз керек кезде, аяғым ауырлап, тағы да ана атанатын шақта жоғалып кетті. Өзім кесарь тілігі арқылы босанып, өнерден мүлде қол үзіп қалдым. Проблема деген нәрсе де шыға бастады. Ол жігіт сотталып кетті. Не үшін сотталғаны маған әлі түсініксіз. Міне, содан бері мен екі қызымды жалғыз өзім өсіріп келемін. Өмір үлкен сабақ үйретті, дәл қазір мен ешкімге беріле салмайтыным анық. Сөз салып жүрген жігіттер жоқ емес, бар. Тіпті, менен 20 жас кіші жігіттер де бар. Бірақ оларға өз сүйіктілеріңді табыңдар дедім. Дәл қазір менімен қатар ер адамдардың басы бос емес. Ал біреудің отбасын бұзудан құдай сақтасын, мен ондайға бармаймын. Әзірге, осылай», — дейді әнші Бақыт Шадаева.