Аягүл Миразова: «Мемлекеттік рәміздер тек мерекеде ғана емес, әр күн сайын жүрегімізде тұратын құндылық болғаны жөн»
Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Еңбек ері Аягүл Миразова ұлттық ряміздерімізге ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті, деп хабарлайды «Kznews.kz» ақпарат агенттігі.
«Біздің елімізде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, танып-білу жағы балабақшада, мектептерде өз деңгейінде жүргізіліп жатыр деп айта аламын. Теледидардан, интернеттегі бейнероликтерден кішкентай балалардың қолын кеудесіне қойып, жүрегін ұстап тұрып әнұранды шырқап жатқанын көргенде жаның елжірейді. Олар рәміздердің авторларын да түгел біліп, жатқа айтады.
Алайда, жастар білгенімен орта буын, үлкен кісілер жағы ақыл айтуға келгенде шеберміз де, өзіміз осы рәміздерге көзқарасымыз түсініксіз. Кейде бір жиындарда, басқосуларда Әнұранның сөзін білмейтіндерді байқаймыз. Елтаңба мен Тудың авторын танымақ түгілі Әнұранның авторын білмейтіндер де бар. Олар ертең баласына, немересіне қандай үлгі көрсетеді, не үйретеді? Осындайларды көріп қынжыламыз.» — деді Аягүл Миразова
Академиктің айтуынша, «Мемлекеттік нышанға, елдікке құрмет мұндай болмауы керек. Қазақстан – әлемде аумағы жағынан тоғызыншы тұрған мемлекет. Еуропа мен Азияның ортасында жаңаша түлеп, жаңашыл мемлекет құрып жатырмыз. Дүниежүзілік қоғамдастықтағы орнымызды бекемдейтін кезде біздің азаматтарымыз да сол дәрежеге лайық болуы керек деп ойлаймын.
Жақында Жаңа адамдар қозғалысы жүргізген сауалнамаға қатысушылардың 30% ғана алты бірдей ұқсас рәміздер арасынан біздің төл елтаңбамызды нақтылап, танып көрсете алған. Бұл ойландыратын жағдай. Мемлекеттік рәміздерді тек мекеменің қабырғасындағы бейне немесе басшылардың кабинетінде ілініп тұрар елтаңба белгі деп қана қабылдамауымыз керек. Ол мемлекетіміздің бет-бейнесі, ұстанған бағыт-бағдарын айқындап тұруы тиіс басты нышан. Отанды құрметтеу, ана тіліңді ардақтап, өз ұлтыңды сыйлау секілді рәміздерге де сондай құрметпен қарауымыз керек. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік рәміздер тек мерекеде, айтулы даталарда ғана емес, әр күн сайын жүрегімізде тұратын құндылық болғаны жөн. Қай салада қызмет етсең де, мамандығыңа, жасыңа қарамастан елдіктің нышанын құрметтеуің керек. Өйткені сен осы елдің азаматысың!» — дейді академик.