Аягүл Мантай өлімі: Ұлттық телеарнаның этикалық кодексі болмағаны ма?

0

Аягүлдің қазасына қатысты қазақ тілінде көтеріліп жатқан сұрақтарда бір үлкен құқықтық әрі этикалық сауатсыздық бар:

басым жұрттың назары жан түршігерлік қылмыстың өзінде емес, керісінше – екеуара болған әңгіменің скриншотында.

Екеуара әңгіменің скриншотының мазмұны – үшінші тараптың, яғни, Сәуленің және Сіздің шаруаңыз емес. Жеке әңгімеде жеке пікірін дос-танысына айтуға кез-келген адамның құқығы бар, ал сол әңгіменің скриншотын басқаларға көрсетуге немесе «көрсет» деп талап етуге ешкімнің құқығы жоқ.

Ал скриншотты үшінші тарапқа көрсеткен адам – біреудің құпиялылығын жариялаған қылмыскер. Скриншотта «не жазылған екен» деп өліп-өшіп отырған адамдарға айтарым: Сіздер скриншотты талап етіп не оны жарияласыңыздар, қылмыстық іске қатысқан болып шығасыздар. Құқыңығызды біліңіз!

Бұл істе НАЗАР аударылуы тиіс мәселе – кибербулллинг әрекеті. Ұйымдастырушы 50 мың оқырманының алдында Аягүлдің жер-жебіріне жетіп тіл тигізіп, мазақ қылып, ар-намысын жерге таптаған, ал оның оқырмандары жаны түршігіп, «қой» деудің орнына, оны қолдап, пікір қосқан. Кибербуллинг ұйымдастырушы құрбанын шыға алмайтын құрыққа түсіріп алып, жалбарынғанына қарамастан, неше күн психологиялық азаптап, содан кейін жардан итере салған. Дәл осы психо-садистік әрекет кибербуллинг деп аталады және бұл әрекет бүкіл әлемде қылмыс болып танылған.

Кибербуллинг мәселесі ғылыми және заң тұрғысынан әбден зерттелген құбылыс. Бұған қатысты заң бар, сол заңға сай жаза қолданылуы тиіс, қоғам сонда ғана келешек құрбандардың – жасөспірім балалардың, жас адамдардың, яғни, қоғамның осал бөлігінің өмірін сақтап қалуға ат салысады. Ал осы көпекөрнеу психологиялық садизмге көзін тарс жұмыс алып, кибербуллинг ұйымдастырушыны жақтап отырған адамдардың өздерінің жүйкесінде де бір қауіпті кемтарлық болса керек, ондай адамдар қашық жүріңіздер.

Қоғамға сұрақ: 50 мың оқырманы бар, «қоғамдық белсенді» деген атағы бар, заты әйел ұлттық телеарна жұлдызы неге осыншама надан әрі мәдениетсіз? Ол неге қарапайым этикалық нормалардан, адам құқығы мәселелерінен жұрдай? Әр ұйымның этикалық кодексі, саясаты болушы еді, сонда ұлттық телеарнаның өзінің этикалық кодексі болмағаны ма? Ұлттық телеарна басқармасы өзінің қызметкерлеріне жеке ақпарат құпиялылығы жайлы, өзінің және басқалардың құпиялылық құқығы жайлы түсіндіріп айтпағаны ма?

Адам құқығын қорғау институттары болмаған 12 ғасырда парсының ғұлама ақыны Низами осыған ұқсас жағдайды «Ләйлі-Мәжнүн» жырында былай деп суреттеген еді:

Ит қапса – шипа болып түрлі дәрі,

Тән жарасы жазылмақ құлан таза,

Адам атты хайуан шашса зәрін,

Өшпес ізі қалады болып таңба.

 

Зәуре Батаева, Facebook парақшасынан