Home Жаңалықтар «Ая. Аяш. Кеш. Кешір!»: Жазушының құрбысы жан тебірентерлік есетлік жариялады

«Ая. Аяш. Кеш. Кешір!»: Жазушының құрбысы жан тебірентерлік есетлік жариялады

0
4358

Аягүл Мантай. Жас. Жазушы. Он жыл бұрын болса керек, «Депрессия» деген әңгімесін оқып танысқым келген. Телефонын таптым. Сонау Мәскеуде тұрады екен. Қоңырау шалып, көргім келетінін жеткіздім. «Мен де сені танимын. Фейсбукта оқып тұрамын. Саған жазу керек» деді. Мәз болдым.

Екі үш жыл бұрын Алматыда Аягүлдің кеші өтетінін естіп, дегбір таппадым. Алматыға Тараздан қанатсыз ұштым. Таныстық. Шығарып салып тұрып, алқызыл гүлдер мен алқызыл блокнот сыйлады.

Бес ай бұрын Таразда менің үйімнің түбінен пәтер жалдап тұрды. Қоңырау шалып шақырып алатын. Ал шығып көр. Кірген із бар, шыққан із жоқ. Таңды таңға ұрып әңгіме айтады. Бірде талықсып құлап түсіппін. Көзімді ашсам, тізерлеп отырған күйі алдына басымды қойып, сипап отыр екен. «Аяғың ауырды ғой, оятпадың ба?»деп ыңғайсыздансам, «осылай отырғым келді» дейді. Таң әлдеқашан атып кетіпті. Бірнеше сағат тапжылмай ұйқымды күзетіп отырған жанарына мейірім тұнып қалыпты…

Құрбыларыма «Құралайға қараңдар, өліп қалмасын» дейтінін жиі естіп жүргем. Өзіме де солай дейтін. Неге екенін мені қорғансыз көретін. Ұзақ түнде көшеде жаяу жүргенді ұнататын. Бірде Аягүл туралы хабар түсірді. Мені өзімен алып кетті. Кафенің төменгі бөлігі қара қою түс. Оператор мен журналист дап дайын. Ая ғана бір отырып, бір тұрды. Оған бөлменің қара түсі ұнамай тұрғанын жанарынан аңғардым. Жан жағына қарағыштап, сөмкесінен наушник алып, музыка тыңдады. Көзін тарс жұмып алып, әуенге елітіп, әндете бастады. Оператор мен журналист камераны қосып, күтіп отыр. Сәлден соң көзін аша салған Ая » мен дайынмын!» деді. Сол сәт жанының қандай нәзік екенін, бөлменің қара түсі жүрегін қалай өртеп жібергенін түсінген едім. Хабар біте сала, жүгіріп шығып кетті. Сыртқа шыққанда оның бір топ әйелдің ортасында шыр айналып билеп жүргенін көрдім…

Бір апта бұрын қоңырау шалды. » Мен сені жақсы көремін. Сағындым. Достыққа иттей адалмын! Саған берілдім. Жақсы көрген адамды ешқашан сатпаймын» дегені есімде. Шаттанып күліп, жадырап сөйледі. Сәлден соң » Әй мен сені қорғансыз екен десем, маған қарағанда пәле екенсің. Бастығыңды көргенде момақан боп, сызылып қаласың. Мен сөйте алмай ақ қойдым» деді. Осы жолы да даусы, өзі, болмысы ешкімге ұқсамайтын бөлек екенін тағы да ұққан едім.

Ал таңертең мәңгілік мекеніңе аттанғаныңды ұқтым.

Ая. Аяш. Кеш. Кешір!

Құралай Сейсенбекқызы