Air Astana ұшақтары Үндістанға «балама маршрут» арқылы ұшып жатыр
Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы сенбі, 2 наурызда Пәкістан әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Үндістанға «балама маршрут» арқылы рейстер ұшырып, қабылдай бастағанын хабарлады. Компания дерегінше, «балама маршрут» бойынша ұшақтар жолшыбай Оман корольдығына жанар-жағармен қамтамасыз ету үшін қондырылады. Бұл «режим» наурыздың 5-іне дейін сақталады.
«Балама маршрут» бойынша алғашқы рейс 2 наурыз күні таңертеңгі сағат 9:30-да (Алматы уақыты бойынша) Алматы – Нью-Дели бағыты бойынша ұшырылған. Компания келесі рейстер туралы ақпарат әуе компанияның ресми сайтында толығырақ жазылғанын хабарлайды. Осы бағыт бойынша ұшатын жолаушыларға шұғыл желісіне телефон соғып, қажет ақпаратты анықтап алуын сұрайды.
Авиакомпания дерегінше, «балама маршрут» бойынша ұшу ұзақтығы — 9 сағаттан астам болады. Бұған дейін Алматы — Дели бағыты бойынша ұшу ұзақтығы шамамен 4 сағат болған.
Соңғы күндері Пәкістан мен Үндістан арасында Кашмир дауы қайта ушығып, екі ел бір-бірінің әскери ұшақтарын атып құлатқан. Бұдан кейін Пәкістан билігі әуе кеңістігін жабатынын мәлімдеген. Бұл шешім Еуропа және Таяу Шығыстан Оңтүстік-Шығыс Азияға жолаушылар тасымалдайтын ірі авиакомпанияларға қолайсыздық келтіріп отыр.
АҚШ пен өзге елдер Үндістан мен Пәкістанды өзара келісімге келуге шақырды. Қазақстан да екі тарапты сабырлық танытып, халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырған.