Air Astana белгісіз жолаушыдан Көкеевтің гитарасын қайтаруды сұрайды
Air Astana әуе компаниясы елімізге танымал музыканттың жүгі жоғалғанын растады. Әншінің гитарасы салынған қорап іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Kznews.kz.
Әуе компаниясының құжаттарына назар салсақ, 25 маусымда Өскемен-Алматы бағытындағы КС302 рейсіне бір ғана гитара тиелген. Камера жазбалары да бұл ақпаратқа дәлел. Жазбадан ұшақ қонғаннан кейін гитара Алматы әуежайына түсіріліп, осы рейс жолаушыларының басқа да жүктерімен жүк қайтару жолағына қойылғаны көрінеді.
– Ерлан Көкеевке жолаушыны анықтап, жоғалған затын іздеп табу үшін құқық қорғау органдарына хабарласуын сұраймыз. Air Astana өз кезегінде полиция жұмысына жәрдем көрсетіп, видеокамера жазбаларымен қамтамасыз етеді, – дейді әуе компаниясы.
Осы ұшақтан түскен қызыл бас киім киген жолаушы Ерлан Көкеевтің гитарасын жүк жолағынан алған. Әуе компаниясы қызыл бас киім киген жолаушыдан Ерлан Көкеевке гитарасын қайтаруды сұрайды.
Ерлан Көкеевтің гитарасы
Көкеевтің гитарасының жоғалғаны жөнінде ақпарат БАҚ-қа кеше тараған еді. Музыка аспабының жоғалғаны жөнінде Көкеев әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, Өскеменде ұшаққа мінер алдында жүк тапсырған, алайда Алматыға қонғанда гитарасын таппаған.