Аида Балаева бюджеті 900 млн теңге тұратын «Әлия» фильмінің түсірілімі не себепті тоқтағанын түсіндірді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бюджеті 900 миллион теңге болатын “Әлия” көркем фильмін қаржыландыру мәселесіне қатысты ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы KNews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маусым айында фильммен жұмыс істейтін топ Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған питчинг іс-шарасына қатысып, фильмнің сценариін таныстырып, мемлекеттік қолдауға өтініш білдірді. Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 18 жоба, оның ішінде «Әлия» фильмі қаржыландыруға ұсынылды.
Министр Аида Балаева кинокомпания мемлекет қаржысы қисынсыз жұмсалмас үшін байқауға қатысуды уақытша тоқтату туралы шешімге келгенін түсіндірді.
“Бұл шешім жобаны кейінге шегерудің жоғары қаупімен байланысты болды. Өйткені түсірілімнің негізгі бөлігі Беларусь Республикасының аумағында жоспарланған еді. Әскери қимылдарды сонда түсіру жоспарда бар. Беларусь мемлекеті басқа жобалардың, негізінен ресейлік жобалардың жүктемесіне байланысты қажет табиғи алаңдарды ұсына алмайды. Сол себепті табиғи жерлер мен декорацияларды қолдану кестесін келісе алмады. Кейін жобаның мерзімін өткізіп алу және уақытында аяқтай алмау қаупі туындады”, – дейді Аида Балаева.
Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысындағы олардың толық ауқымды алаңдарын қайта құру туралы шешім қабылданды. Осылайша түсірілім сапасын сақтап қана қоймай, фильмнің уақытында аяқталуын қамтамасыз етеміз дейді министр.
“Фильмнің жалпы бюджеті 900 миллион теңгеден асады, оның 450 миллион теңгесі жеке инвестиция. Кинокомпания қалған соманы мемлекеттік бюджеттен алуды жоспарлады. Жобаны қаржыландыруда ешқандай мәселе жоқ”, – дейді Балаева.