Ағысқа қарсы жүзген жазушы
А.П.Чехов сияқты оның да мамандығы – дәрігер. Сондықтан да болар, оның әңгімелерінің негізгі тақырыбы дәрігерлер өмірінен алынған. Оның басты шығармалары: «Мастер мен Маргарита», «Ақ гвардия», «Турбиндер күндері», «Зойканың пәтері», «Мольер» («Кабала святош»), ондаған әңгімелер.
«Әр адам – өз тағдырының қожасы» деген қағида бар. Біздің санамызда бұл қағида өшпестей боп орын алған. Биік философиялық тұрғыдан қарағанда, бұл қағида бұлжымас тұжырымдай боп көрінуі мүмкін. Иә, адам туылады, өмір сүреді, мінез-құлқы қалыптасады, білім-парасатының деңгейі өседі, сол мінез бен ақыл-парасатының дәрежесінің ықпалымен өмірде талай-талай өткелдерден өтеді, адамдармен араласады, қиындықтармен өз білгенінше күресіп бағады. Бұл – өз өмірінің қожасы деген тұжырымға апарар жол. Ал өмірде адам өз еркінен тыс оқиғаларға тап болады. Айталық, соғыс, репрессия, табиғат апаты…
2016 жылдың 15-мамырында М.Булгаковтың туғанына 125 жыл толғанына орай Ресей газеттері көлемді-көлемді мақалалар жариялап, оның өмірі мен шығармашылығына байланысты жаңа деректер ұсынды. Осы датаға байланысты «Комсомолская правда» газеті екі беттік мақала жариялады. Мақаланың бас жағына үлкен әріптермен: «15 мая 2016 года исполнилось 125 лет со дня рождения самого любимого властью антисоветского писателя М.А.Булгакова» деп бұған дейін айтылмай келген шындықтың бетін ашыпты.
Антисоветтік жазушы! Кеңес өкіметінің кезінде болса жазушыға берілген мұндай баға өлім жазасына шығарылған үкіммен бірдей болар еді.
Михаил Афанасьевич Булгаков шығармашылығына арнайы тоқталып отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Оның бүкіл шығармашылық өмірі қылышынан қан тамып тұрған диктатор Сталиннің билік құрған кезімен тұспа-тұс келді. Бір адым оңға, бір адым солға бассаң да, тіпті түзу жүріп, түзу тұрсаң да, әлдеқалай біреулердің жаба салған жаласы үшін бастан айырылатын заман еді. Оны тексеріп, ақ-қарасын ажыратып жатпай-ақ ұзақ жылдарға лагерьге айдалып немесе өлім жазасына кесе салу оп-оңай болатын. Бүкіл совет халқы үрей мен қорқыныш құрсауында өмір сүрді. Қазақ халқының бетке ұстар азаматтарының түгелдей дерлік «Жапонияның шпионы», «ұлтшыл», «пантюркист», «троцкишіл-оппортунист» деген жалған жаламен сталиндік репрессияның құрбаны болған кезеңі де дәл осы кез болатын. Орыс ақын-жазушылары мен ойшылдарының, саяси қайраткерлер мен режиссерлердің «халық жаулары» деген айыппен айыпталып, айдалып, кейбіреулері жұмбақ жағдайда ана дүниеге аттанып жатты. Кеңес өкіметіне қарсы шығарма жазу былай тұрсын, тіпті, бір ауыз ағат айтылған сөз үшін оның авторын өлім күтіп тұрды. Ал Михаил Булгаковтың шығармалары, әсіресе «Ақ гвардия», «Қашқындар» («Бег») романдары мен «Турбиндер күндері» драмасының астарында Кеңес өкіметіне, большевиктер идеясына деген қарсылықты, орысша айтқанда, «көйлектің ішінен түйілген жұдырықты» көру қиын емес еді. Сөйте тұра, оның сталиндік репрессиядан аман қалуы, аман қалу былай тұрсын, «биліктің сүйікті жазушысына» айналуының сыры неде? Булгаков талантын көре алмаушылар «жоғары» жаққа оны «ақ гвардияшыл», «Кеңес өкіметіне қарсы», «Америкамен тығыз байланыста» «Американың Нью-Хевен қаласында пьесасы қойылып, романы басылып жатыр» деп әлденеше дүркін арыз жазғандарына қарамастан, сталиндік билік ондай арыздардың бір де біріне көңіл аудармады. Неге?
М.Булгаковтың «Турбиндер күндері» деп аталатын жеңіліс тапқан ақ гвардияшылардың өмірін көрсетуге арналған кең тынысты драмасы Мәскеудің академиялық драма театрында үлкен табыспен жүріп жатқан кезі болатын. Билетке кезекке тұрғандардың ұшы-қиыры көрінбейтін. Булгаков шығармашылығын зерттеушілердің, әсіресе жазушының соңғы жұбайы Елена Сергеевнаның жазуы бойынша бұл спектакльді Сталин 14 рет көріпті. Демек, спектакль оған қатты ұнаған, ұнамаса бір спектакльді 14 рет барып көрмес еді ғой. Бұл пьеса оған несімен ұнады? Қыруар шаруасын жиып қойып, ол бір театрдың бір спектакліне неліктен қатты көңіл бөлді? Булгаковқа қарсы топтың жойқын қарсылығының нәтижесінде спектакль МХАТ-тың репертуарынан алынып, «Известия» газетінде жарияланған бір мақалада: «Булгаков пьесалары келесі жылдан бастап барлық театрлардың сахналарынан аласталып, театр репертуарларының сауығу кезеңі басталды» деген сүйінші сұрағандай пікір жарық көрді. Араға бірнеше жылдар салып, Сталин МХАТ-тың кезекті бір спектаклін көруге барғанда театрдың бір жылдық репертуарынан Булгаковтың пьесасын таба алмай, ол театр басшыларынан: «Мұнда Булгаковтың пьесасы неге жоқ?» деп таңғалады. Табан астында жөнді жауап таба алмаған театр басшылары сасқалақтап: «Жолдас Сталин, театр әкімшілігі жазуды ұмытып кетіпті, келесі аптада қойылады» депті Сталиннің ол спектакльді 14 рет көргенін білетін басшылар. «Солай болсын» депті халықтар көсемі бір ауыз сөзбен барлық мәселені шешіп.
Сталиннің алдында «келесі аптада қойылады» деп табан астында уәде беріп қойған театр басшылары күні-түні репетиция жасап, бір аптаның ішінде «Турбиндер күндерін» қайта қалпына келтіреді.
Сол кездегі совет жазушыларының, әсіресе жазушы-драматург М.Булгаковтың саяси-моралдық көзқарастарында теріс бағыттағы элементтер пайда бола бастағаны жайлы газет-журнал беттерінде әртүрлі пікірлер жиі-жиі айтыла берген соң, Сталин өз кабинетіне бір топ жазушылармен әңгіме өткізеді. Әңгіме барысында Булгаков шығармашылығы жайлы сөз болып, кейбір антибулгаковшылар оның атына қатты-қатты сын айтады. «Біз қызыл гвардия туралы жазамыз, ол ақ гвардияны жазады. Біз қызыл армияның жеңістері туралы жазамыз, ол қашқындар туралы жазады. Мұндай шығармашылық тенденцияны қалай бағалауымыз керек?» деген мәселе қозғалады. Оны партия қатарынан және Жазушылар одағының мүшелігінен шығару керек. Өйткені ол моралдық жағынан да совет жазушысы деген атаққа мүлдем лайық емес, ол екі баласымен әйелін тастап, Мәскеу гарнизонының бастығы, полковник Шиловский жолдастың сүттей ұйып отырған отбасын бұзып, оның әйеліне үйленіп алды. Оның үстіне, Булгаков жолдастың ішкілікке құмарлығы да бәрімізге аян. Сондықтан оған саяси бюроның шара қолдануы орынды шешім боп табылар еді. Оның шығармашылық бағытында идеялық ауытқушылық бар екені жайлы көптеген мақалалар жарық көрді. Орталық Комитет сонда да ол мақалаларға мән бермей келеді. Шапса – балта өтпейтін, қақса шеге кірмейтін ол қандай ағаштан жаралған?». Бір ауыз артық сөз айтқаны үшін басынан айырылып жатқан мынандай қанқұйлы заманда «Ақ гвардия» романын жазғаны үшін, оның тез арада Америкада басылып шыққаны үшін ғана Булгаковқа өлім жазасы дап-дайын тұрған жоқ па? Олай болмады, керісінше, Булгаковты Сталин «ең сүйікті жазушым» деп атады. Сталиннің сөзі Булгаковтың жауларының аузына құм құйды. Жазушылармен өткен кезекті бір кездесуінде Сталин былай деді: «Рас, сіздер қызыл армияны, оның ерлігін жазасыздар, мен оны ерекше бағалаймын. Сіздердің жазғандарыңызға қарағанда қызыл армия оп-оңай жеңіске жете беретін сияқты. Оны барлық жерде қарапайым халық құшақ жая қарсы ала береді. Шындығында солай ма еді? Ондай жағдайда бізге армияның керегі қанша? Барлық жерде Кеңес өкіметі өзінен-өзі орнап жатыр екен ғой. Онда біз кіммен күрестік, кімнің қанын төктік? Бұл шындықты бүркемелеу. Ал Булгаков болса, ащы шындықты жазды. Басқалар секілді ол ағыстың ығымен кеткен жоқ, ағысқа қарсы жүзді, он идет против шерсти», – деп тағы да Булгаков төңірегінде пайда бола бастаған дау-дамайға біржолата нүкте қойды. Соған қарағанда, оның ішкі дүниесінде өмірдің шындығын мойындайтын, ақ-қарасын ажырата білетін екінші Сталин өмір сүрген секілді. Жас мемлекеттің ішкі-сыртқы жауларымен арпалысып, тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтайтын Сталин көркем шығармалардың көпшілігін өзі оқып, баға беріп отырды. Эрдманның «Портрет» деп аталатын драмасын оқып шығып, әр жеріне белгі соғып, авторға қайтарып береді, ал ол болса қайта жөндеп, Сталинге екінші рет ұсынады. Сталин жөнделген нұсқаны оқып шығып, «Тов.Станиславскому» деген бұрыштамамен МХАТ-қа жібереді. «Чапаев» фильмін 34 рет көреді, Булгаковтың «Турбиндер күндерін» 14 рет тамашалайды, Үлкен театрдың кезекті бір жаңа қойылымын көріп болған соң тура залда отырып қойылымды талқылауды ұйымдастырады. Спектакльдің көркемдік деңгейінің өте төмен екеніне тоқталады. «Жолдас Сталин, совет музыкасының қалай дамығанын көріңіз» деп үлкен театрға зор мақтанышпен алып барған Ждановты машинасына мінгізбей жаяу тастап кетеді. Ашуға мінген Сталин: «Рассвет Советской музыки! Пешком пойдешь», – деп машинасының есігін тарс жауып алады да, жүріп кетеді. Сталиннің бұдан басқа да көркем шығармаларды оқып, талай-талай премьераларға қатысып, пікір айтқан кездері сол кездегі өнер, әдебиет қайраткерлерінің естелігінде көптеп кездеседі. Красноярск аймағындағы Турухан даласында айдауда жүрген кезінде Сталиннің өлең жазғаны, оны өмір бойы ешкімге көрсетпегені жайлы болжам-естеліктердің шын болғанын көркем әдебиет пен театр спектакльдеріне берген бағасынан пайымдауға болады. Булгаковтың өмір шындығын шеберлікпен суреттей білетін талантын, бәлкім, «данышпан жауыз» (злой гений) іштей мойындаған болса керек. Әйтпесе, Булгаков шығармашылығына «ол – ағысқа қарсы жүзетін жазушы» деп әдебиетшілердің өзі айта қоймаған анықтама бере алар ма еді? Булгаковтың Сталинге жазған хатының өзі неге тұрады. Егер дәл осындай мазмұндағы хатты Булгаковтан басқа жазушы жазса, Сталин оның үйіне телефон соғып, мән-жайды сұрамақ түгілі, көптің бірі етіп, репрессия құрбандығына айналдыра салуы әбден мүмкін еді. Хаттың мәтіні мынау: «Мен, Михаил Булгаков, ешқашан саясатпен айналысқан адам емеспін, бар-жоғы қатардағы жазушы ғанамын. Партия қатарында болмасам да бүкіл саналы өмірімді совет әдебиетіне, совет сахнасына арнап келемін. Бірақ соңғы жылдары барлық пьесаларым сахнадан алынып тасталып, кітаптарым баспадан аластатылып отыр. «Шіркін, осы адамдардан шеге жасар ма еді!» деп армандайтын адам мен емес екенмін, шеге жасауға болмайтын ет пен сүйектен, тозған жүйкеден, қан қысымы жоғары аурушаң адаммын. Барлық күш-жігерім шығарма жазуға емес, көрінбейтін қастарыммен күрсеуге, қызғаныштың қызыл итімен ырылдасуға, одан қалған қайратымды адамдық, жазушылық, намысыңды қорлайтын күн көру қамымен әр басшыға жалтақтап, алақан жайып өмір сүруге мәжбүрмін. Егер бұл елге ақыл мен дарын қажет болмаса, олардың алдында екі-ақ таңдау қалады: ішқұса боп өлу не шетелге кету. Кеңес өкіметінің гуманистік саясатына сене отырып әрі менің ашып айтқан арызымды дұрыс түсінеді деген үмітпен мынадай өтініш білдіргім келеді. Маған және зайыбым Любовь Евгеньевна Булгаковаға Кеңес Одағынан тысқары жерге кетуімізге рұқсат берулеріңізді сұраймын…».
Бұл хаттың мәтінін Булгаковтың диктовкасымен Елена Сергеевна машинкаға басқан. Оның әлі Булгаковпен некеге отырмаған кезі. Ал, Елена Шиловская хаттың соңғы жағын өзгертіп, былай деп жазады «…маған және зайыбым Елена Сергеевна Булгаковамен Кеңес Одағынан тысқары жерге кетуімізге рұқсат беруіңізді сұраймын…». «Сенің есің дұрыс емес, Люси! Бұл хатты Сталиннің өзі оқуы мүмкін. Ал сен екеуміз әлі некеге отырған жоқпыз», «Неке дегенің бар болғаны жүзік салынған суды ішу ме? Мен ондай суды бұдан бұрын екі рет ішкенмін». – Ол жүзікті кеседегі суға салып, Булгаковқа ұсынады. – «Бұл суға дем салынбаған. Бұл – рәсімді қорлау ғой». «Құдайсыз елде әркім өзінше құдай. Әке мен баланың және қасиетті рухтың атынан іш, Булгаков!». Булгаков суды ішіп салады.
– Міне, екеуміз некелестік! – дейді Елена қалған суды ішіп болып.
Сталин хатты оқып болып, Булгаковтың үйіне өзі телефон соғады. Кездесуге шақырады. Кездесуге ол ескі бәтеңкесімен келген екен. Оны көрген Сталин саяси бюроның мүшелерінің көзінше: «–Ә-ә, менің сүйікті жазушымның етігі жоқ екен ғой» деп Кагановичтің етігін шештіріп, Булгаковқа кигізеді.
– Еврейдің етігін орыс жазушысы киіп жүрсе күнә бола қоймас, – деп Сталин рахаттана күлген көрінеді.
Бұл оқиғадан Сталиннің Булгаковқа деген ерекше ықыласын көруге болады. Сталиннің оған деген ерекше ілтипаты қалғандардың намысына тиіп, жазушыға деген қызғаныш отын үрлей түседі. Тіпті Булгаковтың Жуховицкиге айтқан сөзі Сталиннің құлағына жетсе де «злой гений» оған мән де бермейді. «Россияға қазір үлкен әдебиеттің қажеті жоқ. Россияға тіпті, ештеңе де қажет емес. Бұл елде ақылды, іскер, адал болған сайын оның құны да төмендей береді. Россияға қазір басын тік көтеріп жүретін адам емес, еңкейіп жүретін, қалай бұрыл десе солай бұрылатын, баспен емес, қарынмен ойлайтын адамдар керек» деп ашына айтқан уытты сөзіне Сталиннің мән бермегені жұмбақ құбылыс деуге болады. «Комсомолская правда» газетінің 2018 жылғы 26 сәуір айындағы нөмірінде мынадай таңғаларлық мәлімет жарияланды. Сталиннің кезінде әр 100 мыңға 583 адам, ал Ельциннің кезінде сол 100 мыңға қамауда отырғандар 647 адамнан асыпты. Асыра сілтеу болғанын Сталиннің өзі де мойындаған.
«Ком.правда» газетінде құпия архивтен тағы бір сенсациялық мағлұмат жарияланды. 1946 жылы Сталин Жоғарғы Кеңес Президиумының отырысында былай депті: «Генералисмусс» атағы сізге лайық деп жан-жғымнан анталап қоймадыңыздар. Ал мен ақымақ, сендердің айтқандарыңа көне салыппын! Мемлекет басшысына атақтың керегі жоқ!».
Сталин Булгаковтың шетелге кетпек болған ниетінен айнытып, оған барлық жағдайын жасап береді.
Булгаков шығармашылығын зерттеушілердің кейбір естеліктеріне қарағанда, Сталиннің жазушыға деген ерекше ілтипаты оның ұлы көсемнің жастық шағы туралы пьеса жазбақ боп жүргенін естігендіктен болар деген де болжам айтылады. Бұл болжамға құлай сенудің реті жоқ. Сталин ондай мақтауға, өзі туралы шығармаға зәру емес еді.
Қайткен күнде де, осы оқиғалардан соң Булгаковқа қарсы астыртын әрекет күшейе түседі.
Михаил Булгаковтың өмірі қайшылыққа толы болды. Кейбір естеліктерде оның бас ауруы да жазушының қалыпты өмір сүруіне көп кесірін тигізді. Жазушының Украинада земстволық фельдшер боп жүрген кезде морфиді жиі пайдаланғанын, есейе келе, сол кесірлі препаратқа тәуелді болғанын да там-тұмдап айтып өтеді. Мұндай пікірдің тарауына жазушының «Морфи» деген алғашқы әңгімесі себеп болса керек.
(Жалғасы бар)
Дулат Исабеков,
жазушы
Дереккөз: http://egemen.kz/