Ағылшын тілін алып тастауды жоспарлап отырмыз

0

Енді балабақшада ағылшын тілі оқытылмайды. Сондай-ақ білім министрлігі тәрбиешілердің жалақысын көтеруді көздеп отыр

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі білім бағдарламасынан ағылшын тілін алып тастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Мектепке дейінгі білім бағдарламасынан ағылшын тілін алып тастауды жоспарлап отырмыз», — деді Аймағамбетов мәжілісте «Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын-ала қорытындылары туралы» үкімет сағатында.

Бұдан бөлек, білім министрлігі балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеруді көздеп отыр.

«Тағы бір мәселенің бірі – бірыңғай электронды кезектің жоқтығы. Кейде мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік балабақшаға барған балалар кезектен шығарылмай қалады», — деді ол.

Аймағамбетов лицензиялау мен аккредитацияның жоқтығы да бірқатар проблема тудырып отырғанын атап өтті.

Айта кетсек, қазір Қазақстанда барлығы 10 673 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде балабақшалар саны – 6 470, шағын орталықтар – 4 203.

sputniknews.kz