Агрокешенді дамыту – бәсекеге қабілеттікке бағытталған қадам
Ауыл шараушылығы министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Агротехнологиялық Хаб және Азия Даму Банкімен бірлесе ұйымдастырылған саммит жұмысын ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов кіріспе сөзбен ашып, халықаралық пікірлесу алаңы ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді деп атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков 2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамыту, ауыл шаруашылығын цифрландыру, технологияларды коммерцияландыру тақырыптарын қозғаған саммиттің алғашқы сессиясында агрокешенді мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Құрғақшылыққа бейім, құбылмалы ауа райына байланысты елімізде жоғары өнімділікке суармалы жерлерді көбейту арқылы ғана қол жеткізуге болады. Елбасы алдыға қойып отырған жоғары өнімділікке, ауыл шаруашылығы өнімдерін 2,5 пайызға арттыру межесіне жету үшін суармалы жерлердің жайына ерекше көзқарас қажет. Ал алдағы он жылда суармалы жерлердің көлемін 1,4-тен 3,5 млн гектарға дейін жеткізу міндеті тұр. Осы орайда әлемдік тәжірибені игерудің маңызы зор. Осы тақырыпқа арнайы шолу жасап өткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев 2018-2025 жылдарға дейінгі болжамдарға тоқталды. Маманның айтуынша, жоғары ылғалдылықсыз сапалы әрі мол өнімге қол жеткізу мүмкін емес. Халықаралық тәжірибеге және Әлемдік банк зерттеулеріне сүйенетін болсақ, қазақстандық аграрилердің суға шығыны 4 пайыздан аспауы қажет. Суды үнемдей отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізуде мемлекеттің қолдауы да жеткіліксіз болып табылады. Мұндай жағдайда мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы саладағы бірқатар кешенді жұмыстар жүзеге асуы тиіс.
Еліміздің және де АҚШ, Италия, Нидерланды, Германия, Түркия, ТМД елдері ғылыми орталықтарының жетекші мамандары озық тәжірибелерімен бөліскен сессия отырысында Мичиган штатының жерді бақылау орталығының директоры, доктор Дзягуо Чи, экономист Рене Арауио Енсизо, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Джиованни Каппанелли, ғалым Томас Селлуччи, академик Ғани Қалиев, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы төрайымы Елена Бахмутова, Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы Инвестициялық орталығының агробизнес жөніндегі жетекшісі Инна Пунда, Нидерландының Дельфт Халықаралық Гидрологиялық институтының докторы Вим Бастиаансен, АҚШ ғалымдары Кен Спает, Филипп Гертин, Брайн Ректор және т.б. ғалымдар жайылымдық жерлер мен алқаптарға мониторинг жүргізуде қашықтықтан бақылау технологияларын қолдану, агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіру, жаңа ғылыми зерттеулер, су ресурстарын пайдалануда ғарыштық технологияларды пайдалану, ет өндірісі, мал шаруашылығы, жылыжайларда дақылдар өсіру, өсімдіктерді қорғаудағы биологиялық әдістерді қолданудағы озық жетістіктермен бөлісті.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ