Аграрлық салада білім беруді модернизациялау – заман талабы

0
27 Қараша 2018, 12:00 216 0

Астана, BAQ.KZ. Жуырда атауы өзгерген Түркістан жоғары аграрлық колледжінде 15 мамандық бойынша 1896 студент білім алып жүр. 2016 жылы республикадағы 283 колледждің ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 1 орынға ие болған бұл оқу орнының материалдық-техникалық, оқу-өндірістік базасы толық талапқа сай жабдықталған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова бастаған министрлік өкілдері аталмыш колледжге ат басын тіреп, колледж жұмысымен танысу барысында бұған көз жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

Колледж директоры Гаухар Бекбергенова қонақтарға алдымен «Студенттерге қызмет көрсету» орталығын көрсетті. Елімізде цифрландыру жүйесі мен барлық салалардағы мүмкіндіктерді пайдалану, білім алушылар мен оқытушылардың электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алу дағдыларын қалыптастыру мақсатында ашылған бұл орталық 40-тан аса мемлекеттік қызмет түрін ұсынады.

Колледждің коворкинг орталығында белсенді жастармен кездескен қонақтар студенттерге бүгінгі білім саласындағы өзгерістерге тоқталып өтті. Заманауи талаптарға сай бүгінде қандай мамандықтардың сұранысқа ие болып отырғанын, мамандарды қалай дайындау қажеттігін де сөз етті. Аграрлық колледждің техникалық және оқу-өндірістік базасымен таныса отырып, студенттердің жоғары білікті маман болып шығатынына сенім білдірді.

Министрлік өкілдері жылыжайда көшет егіп жатқан студенттердің жұмысымен танысып, оларды әңгімеге тартты. Директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Байсерік Исабеков базадағы замануи техникаларды атап өтті. Сондай-ақ, жылыжайда экологиялық таза және жоғары сапалы өнім өндіруде энтомофагтарды өсірудің тиімділігін сөз етті. Яғни мұнда жылыжай кешендерінде жоғары сапалы, экологиялық таза өнімге қол жеткізу үшін көкөніс дақылдарының зиянкестерін жоятын энтомофагтар өсіріліп жатыр екен.

Энтомофагтарды өсіруге бейімдеу жұмыстары зертханалық жағдайда жүргізіліп жатқан. Экологиялық өнім өндіру үшін алдымен егіннің тұқымы да таза болуы тиістігін сөз еткен колледж директоры облыстағы бірқатар жылыжайды осында өсіріліп жатқан энтомофагтармен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ