Ағаштары қурап қалған: Атышулы «Керуен сарай» тағы дауға қалды (видео)

0

Түркістандағы “Керуен-сарай” кешеніндегі қурап кеткен ағаштар тұрғындардың шамына тиді.

“Әдемісі әдемі, бірақ отырғызылған ағаштардың 80%-ы қурап кеткен. Оларды асфальтпен жауып тастаған, мынандай ыстықта су қуылмайтыны көрініп тұр. Қандай аянышты. Мұндай солып қалған ағаштар туристерді үркітеді ғой”, – деп жазыпты желі қолданушысы.

Ағаштардың не себепті қурап қалғаны жайлы облыс әкімдігінің өкілдері пікір білдірді. Олардың сөздеріне сүйенсек, талдарды «Эко Лайф» ұйымы отырғызған.

“Кешеннің ашылуына асығып, ағаштарды техникалық талаптарды елемей отырғыза салған. Мұны ұйымның өздері мойындап отыр. Осы күзде қураған талдардың орнына жаңа көшеттер отырғызу жоспарланған. Бұған қоса, климатқа сай емес ағаштар таңдалғаны белгілі болды. Қаржылық шығындарды өздері өтейді”, – дейді Түркістан облысының әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Сонымен қатар, ол кей ағаштар өніп, тіршілігін жалғастыруда екенін алға тартты. Жаңадан қанша көшет отырғызылуы керек екені сараптамадан кейін анықталады.