Ағалардың жолымен асығыс аттанған Талғат Кеңесбай
Алтайдың алқымын сүйіп аққан алқадай ақ Ертістің ерен де ерек қаламгерлерімен ерте қоштаса беретініміз неліктен? Кешегі кербұғыдай Оралхан Бөкей, маңғаз Марат Қабанбай, талантымен тәнті еткен Талаптан Ахметжан, әдебиеттің асқарларын зерттеген Асқар Егеубай, дидарғайып болғанына көңіл әлі күпті Дидахмет Әшімхан… Енді міне, күллі қазақтың асылына айналған ағалардың асығыс жолымен арамыздан алыстап кете барған тағы бір тума талант Талғат Кеңесбай… Саржалда туып, сары қымыз сапырған ауылындағы саумал сіңген торқа топырағын алғашқы ақ қар да басып үлгермеген Талғат ағамызбен танысқанымыз бен бақұлдасқанымыздың арасында аса алшақ уақыт өте қоймаған екен. Жақын тартып, жөн сұрасып үлгермей жатып, жөпелдемеде жөнеле беретін жақсылар жанды ауыртады. Бұл қалай? Әлбетте, пешенеге қойылған сауалға «жазмыштың жазғаны» дегеннен басқа жауап жоқ. Жұбатады. Жұбанамыз.
Иә, алғашқыда Талғат ағамыздың да атына сырттай қанық едік. «Жігер» фестивалінде жігерін жаныған «Француз әтірінің иісі» атты алғашқы туындысы 80-90-шы жылдар оқырмандары арасында кең таралғаны белгілі. Әрине, әдебиеттің әдемі дәуірі әлі салтанат құрып тұрған сол шақта сезімді қытықтайтын сері шығарманың авторына, Семей педагогикалық институтындағы сері кезінен серік болмасақ та, мінезі де, мәрттігі де көңілге кейде сәл сыятын, кейде сыймайтын жазушының өзі емес, сөзі талай жанның жалауын желбіреткені анық. Дидарғайып демекші, сол дақпыртымен сырттай сойын білетін біздің таныстығымыз Дидаға, Дидахмет Әшімханұлы қайтқан қара күзде басталған. Соның алдында бас басылымның күншығыс өңірдегі күллі шаруасына жауапты болып бекіген бізге ағамыз ара-тұра қоңырау шалып, елдің, жердің жайын сұрап тұрар еді. Әйтеуір жүзтаныс емес жанның «інім» деген ізеті, көңілжықпас ілтипаты, керек кезде айтар кеңесі, тіпті телефон тұтқасының ар жағында отырып жайып салар сыры да таңғалдырған. Кейін көз жетті, Талғат ағамыз тумысынан тәкаппарлықтан ада, бала мінезді, аңғал да қамқор жандардың бірі болып шықты. Шығармашылық жайын сөз етеді, тіпті кітаптарының қай баспадан қанша табақ болып шыққалы жатқанын, қай тілге аударылатынын да қалдырмайды. Үй іші, денсаулығы, жеке жоспарларын да жайып сала береді. Кездеспеген адамға көңіл ақтару деген әр адамда бола бермейтін риясыз қалып. Міне, сол Тәкең қоңыр күзде қайтпас сапарға аттанған Дидағамен бақұлдасу үшін елге қарай шыққанын айтып қоңырау соқты. «Сыйлағанның құлы бол» деген, бізден ересек болса да елпілдеп тұрған елгезек жанды әріптесіміз, сол уақта Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет етіп жүрген Азамат Қасым екеуміз Өскеменнен күтіп алып, Катонқарағайға баратын көлікке отырғызып жібердік. Әдетте, ел ішінде жүргенде келімді-кетімді кісі көп. Бірақ ағамыз осы бір сапардағы інілік ізетімізге дән риза болып, тіпті бауыр тарта түсті. Алтайдан Астанаға ат ауыстырғанымызда да айрықша қуанып, тілектестігін білдірді. Үйдегі жеңгенің бізге әпке болып келетінін айтып, қалжыңға кет әрі еместігін емеурінмен танытатыны бар. Әсіресе, әнші балдызы Еркін Шүкіманмен әзілі әдемі өрілуші еді. Ал тапқырлығымыз жоқ біз сүріне береміз. Бірде әлеуметтік желіге жариялаған, жастықтың жалынын жағатын, сезімнің шоғын үрлейтін бір лирикалық сипатты әңгімелерін оқығанымды айтып, «Жезде, жасарып жүрсіз ғой» деп қағытқан болдым.
«Ә, ол рас. Шәкір Әбенов деген атам бар. Бір күні сатирик Тоқтархан Шәріпжанов ағаң екеуміз үйіне бардық. Барсақ қария ұйықтап жатыр екен. Оятсақ, жастығының астында бір қатынның суреті жатыр. «Шал, мынау не?» деп сұрады Тоқаң. Сонда біздің шал «Тым құрыса сипап жатайын» деп еді. Біздің жазуымыз да сол сияқты ғой» дегені бар. Тәкеңнің әзілдері де өзінің шығармашылық стихиясына тән болатын. Бұл әйгілі Шәкір атасының қуақылығының сарқыны болар-ау деп топшыладық сол жолы.
Көңілі шарықтап шартарапта жүрсе-дағы жары Гүлмира әпкемізбен Айдана, Гүлдана, Мархаба есімді қыздарын тәрбиелеп, жеткізді. Бүгінде қыздарының бірі қаржы, бірі журналистика саласында еңбек етсе, бірі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып отыр.
Рас, Талғат Кеңесбай оқырманға ерте танылды. Дегенмен, шығармашылыққа шікәмшілдігі шын. Өйткені өндіріп жазбады, аз жазды, алайда саз жазды. Өз оқырманы, өзін іздейтін аудиториясын қалыптастырды. Әлдекімдердей классикалық деңгейге күшенбеді. Көңіл қалауынша жазды. Шығармашылықтың бақыты да сонда сияқты. Кейде Алтайдағы ағасы Әлібек Қаңтарбаевтың ұрсатынын, ренжитінін, біресе мақтап, біресе даттап, әйтеуір бір әңгіме немесе повесть жазуға итермелеп септесетінін айтатын. «Ойшоғырын» жазып жатқанын, жарияланып жатқанын сүйіншілейтін. Көптеген әңгіме-новеллаларынан кейін Алаш әскеріне көмек көрсетіп, Кеңес өкіметіне қарсылық көрсеткен күрескер Ике Әділов туралы «Түнде ұшқан қаршыға» атты хикаятын романға айналдыруды жоспарлағанымен, аяулы арманы жеткізбеді. Күнделікті қыбыр-жыбыр тіршіліктің үстінде шығармашылық адамының жанына жалау боларлық бір жақсы лепес айтпағанымыз-ай деп таңғаламыз осы күні. Әсілі, оны Тәкеңнің өзі де керек етпес еді. Өйткені Талғат Кеңесбайдың тоқсаныншы жылдары қолындағысын қазақ руханиятына сұңқардай шашып бөліскенін, қайбір айтулы басылымдарға тоқырау кезінде демеу болғанын жиі еститінмін. Сол ризалық пейіл жетелеп келе жатқан қиядағы қырандай қапысыз болмысын байқағанмын. Мұндай жан мақтау күте ме? Басылым демекші, «Егеменмен» де етене болған қаламгердің газет шығару сапасына қатысты ой-пікірі де бөлек-тін. Айғайлап емес, астарлап айтатын. Өзі де елдегі есімі ел жадынан өше бастаған айтулы еңбегі бар ерекше тұлғаларды жаңғыртып жазған жазбаларын жиі жолдап тұрды.
Талғат Кеңесбай – адалдықтың эталоны. Шығармашылығына, отбасына, достарына деген қарым-қатынасынан аңғаруға болатын тағы бір қасиеті – осы. Ұзаққа созылған науқасынан Астанада өтіп жатқан Еуразия жазушылар форумының ортасына келіп бой жазуы да әдебиетке адалдығының айнасы ғой. Құдды, қиқулап кіл арғымақ дүбірлеп өткенде жатқан орнынан тұра шауып, соңғы сөресіне жетіп жығылған Қабанбайдың Қубасы сықылды. Иә, шын жүйрікке тұсау жоқ. Жазушының шынайы өмірі енді басталады!
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»