Ағаділдің туысы: «Дулаттың ұлына үш жерден пышақ сұққан» — Белсенділер полиция ғимаратының алдына жиналды

0

11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда төбелес кезінде қаза болған Жанболат Ағаділдің үш жеріне — шынтақ тұсы, 4-5 қабырғасының арасы және жүрегіне пышақ тиген. Бұл туралы Азаттыққа 11 қарашада күндіз мәйітханаға барып қайтқан ағасы Таңат Ағаділ айтты. Оның сөзінше, Жанболат Ағаділдің денесінен басқа соққы іздері байқалмаған.

Туыстарының айтуынша, 10 қарашада түнде жергілікті жастар Көктал мен Талапкер ауылы болып бөлініп, төбелескен. Сейсенбі күні Жанболатты достары кешкі сағат 9 шамасында үйде шәй ішіп отырған жерінен алып кеткен. «Қайда барасың?» деген кезде «қазір, бір жерге барып келейін» деп жауап берген. Түні бойы Жанболаттың жоғына алаңдаған туыстары таңертең қайғылы ақпаратты естіген.

«Қайғыдан қан жұтқан Жанболаттың шешесінің халі ауыр» дейді туыстары.

Төбелеске нақты не түрткі болғаны белгісіз. Осыған дейін әлеуметтік желіде полицияның ішкі құжаттарына ұқсас хабарлама тараған едіі. Онда «төбелестің қыз үшін болғаны» айтылады. Бұған қоса, Жанболат Ағаділдің жанында болған бірнеше жігіттің полицияға жеткізілгені, қарсы тарапта 7-8 адам болғаны да жазылған. Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне хабарласқанмен баспасөз қызметі бұл ақпаратты таратпағанын айтты.

Осыған дейін төбелес кезінде Жанболат Ағаділмен қатар тағы бір адамның жарақаттанғаны хабарланған еді. Бірақ бұл ақпарат ресми расталмады.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бап 2-бөлігі («Адам өлтіру») және 293-бап 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жанболат Ағаділдің жерлеуі 13 қарашаға жоспарланған.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлының қазасынан кейін 11 қараша кешке Алматы қалалық полиция ғимаратының алдына бір топ белсенді жиналды. 2000-жылдардан бері жұмбақ жағдайда қаза тапқан журналистер мен саясаткерлер, белсенділердің суретін ұстаған топ эмоцияға беріліп, Жанболат Ағаділді жоқтады. Полицияның әрекетсіздігін сынап, билікті кінәлады.

Азаттық