«Аға, өлтіріп тұрып бірнеше күн ұрды»: Алматылық адвокат тергеу изоляторында таяқ жеген жастар жайлы айтты

0
Адвокат Шынқуат Байжанов Алматыдағы тергеу изоляторында азапқа ұшырап, соққыға жығылған азаматтарды көргенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Бүгін СИ-18-ге Қаңтардағы Қанды Қырғынға байланысты жазықсыз жалаға ұшыраған екі балаға кіріп шықтым. Коридорда аяғы ақсақтаған, балдақпен жүрген, іштен, иықтан, бастан жараланып, таңылған жастар өз адвокаттарымен кездесу үшін күтіп тұрды.Тіпті біреуін носилкамен алып келді. Ішің қан жылайды, жәудіреген көздеріне қарап шарасыздықтан ерніңді тістейсің, ал сырттай «айналайындар шыдаңдар, еңселерің түспесін, бәрі жақсы болады»деп қанаттандырған боласың», – деп жазған заңгер.

Байжанов сонымен қатар өзінің қорғауындағы азаматтардың да соққыға жығылғандарын айтып, шағымданғандарын жеткізді.

«Ал менің қорғауымдағы екі бала да «аға өлтіріп тұрып бірнеше күн ұрды, қан сигізді, істемегенді істедім дегізіп хаттама жасады, қол қойғызды, митингіге шыққаннан басқа жазығымыз жоқ», –  деп зар илеп отыр. «Дәлелдемесіз соттай алмайды, заңсыз толтырылған хаттама үкімге негіз болмайды» деп үміттендіріп кеттім. Әрине, барлық күш-жігерімді оларды ақтауға жұмсаймын, бірақ, әттең…», — деп түйіндеген ол.

Алматы қалалық полиция департаменті әлі бұл оқиғаға түсінік берген жоқ.

Айта кетейік, Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент қаңтар оқиғасы бойынша қарар қабылдаған болатын.