АЕ/АР сепаратистер тұтқындаған украиналық журналисті босатуға шақырды

0

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясы Украина шығысында сепаратистер тұтқындаған блогер Станислав Асеевті босатуға шақырды. Ол 2017 жылдың шілде айынан бері қамауда отыр.

Азат Еуропа/Азаттық радиосымен әріптестік танытып, Станислав Васин атты лақап атпен мақалалар жазған Асеев 2017 жылдың 2 маусымында Донецкі облысында ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Бірнеше аптадан кейін халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы осы аймақты бақылайтын сепаратистердің журналисті тұтқындағанын хабарлады.

«Туған Донецкі облысынан репортаждар әзірлегені үшін екі жылдан бері Станиславты іс жүзінде сыртқы әлеммен байланыстырмай, тұтқында ұстап отыр. Оның ұсталуын айыптап, босатуды талап еткен құқық қорғаушылар, ресми тұлғалар, заң шығарушылар, журналистер қатары көбейіп жатыр» деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президент міндетін атқарушы Дейзи Синделар.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – 22 елден 26 тілде түрлі платформаларда (интернет, радио, телеарна, видео) хабар тарататын коммерциялық емес медиакорпорация. Корпорацияны АҚШ конгресі жаһандық медиа агенттігі арқылы қаржыландырады. Америкалық шенеуніктерге, үкімет мүшелеріне корпорацияның редакциялық саясатына араласуға тыйым салынған. Азаттық радиосының аудиториясы ондаған миллион адамға жетеді. Медиа корпорацияның штаб-пәтері Прагада орналасқан.

Azattyq