АЕ/АР сайлау күні тілшілердің жұмысына кедергі жасалуын айыптады

0

Азат Еуропа/Азаттық радиосы сайлау күні Азаттықтың екі тілшісінің ұсталуы және жеті тілшісіне сайлаудан ақпарат таратуға рұқсат бермеуіне байланысты арнайы мәлімдеме жасады.

9 маусымда елде кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полиция Азаттық тілшісі Петр Троценко және өзге де бірнеше жергілікті және шетел журналистерін Алматыдағы наразылық шарасынан ақпарат таратып жатқан жерінен ұстап әкетті. Нұр-Сұлтандағы митингтен ақпарат таратып, кәсіби міндетін атқарған Азаттық тілшісі журналист Сәния Тойкенді ұстап, қайта босатты. Назарбаев отставкаға кеткелі бері (19 наурыз) тілші бесінші рет ұсталған.

Оның алдында АЕ/АР-дың Қырғыз және Тәжік қызметі, Настоящее время жобаларының тілшілеріне Қазақстанның сыртқы істер министрлігі сайлау күні ақпарат таратуға рұқсат бермей, елге келіп қойған тілшілердің жұмыс істеуі заңсыз болатынын ескертті. Олар министрлікке құжаттарын 23 сәуірде өткізген. Министрлік сонымен бірге АЕ/АР-дың Прага, Мәскеу және Киевтегі өзге алты тілшісіне сайлау күні Қазақстан елшіліктерінде жұмыс істеуге тыйым салды.

«Сайлау күні ақпарат таратқан журналистердің ұсталуын олардың жұмысы мен қоғамдық маңызы зор оқиғадан ақпарат тарату миссиясына тікелей кедергі келтіру деп санаймыз. Журналистерімізге аккредитация бермеу арқылы қазақ үкіметі тәуелсіз медианың рөлі және азаматтарына ел мен оның басшылығы туралы тура ақпарат алу құқығын құрметтеуге байланысты халықаралық міндеттемелерді бұзып отыр» делінген мәлімдемеде.

Бұл күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда интернет байланысы қатты нашарлап, қолданушылар тікелей эфир жасау және әлеуметтік желіге кіру мүмкіндігінен айрылды. Ұлыбританияда шоғырланған әлемдегі интернет бостандығын бақылайтын халықаралық NetBlocks тобы 9 маусымда Қазақстанда бұғаттаулар байқалғанын хабарлады.

Азаттық радиосы деген атпен белгілі АЕ/АР-дың Қазақ қызметі Қазақстан халқы үшін ең маңызды мәселелер жайлы еркін ақпарат пен идеялардың алмасуын қамтамасыз етеді. 2018 жылы azattyq.org сайтына кірген оқырмандар саны 16 миллионға жетті, сайттағы көрілім саны 25 миллионнан асты. Азаттықтың Youtube-та — 450 мыңнан астам, Instagram-да 250 мың жазылушысы бар.

Azattyq