Адвокат Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты іс бойынша тың мәлімет айтты
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Нүкеновтер отбасының мүддесін қорғаған адвокат Жанна Уразбахова Instagram желісінде жаңа мәліметтер жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Адвокат Жанна Уразбахова әлеуметтік желіде Салтанат Нүкенованың өлімі болған түні оқиға орнына барған такси жүргізушісінің әңгімесін жеткізді. Оның айтуынша, адвокат пен такси жүргізушісі 2024 жылы шілде айында Уразбахова Астанаға Жоғарғы сотқа барған кезде кездесіп, тілдескен. Жанна Уразбаховамен әңгімелескен такси жүргізушісінің айтуынша, 2023 жылғы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні такси жүргізушісі гастробарға такси шақырылғанын айтқан.
Шақыртуға барған ол таксиді көшеде ер адаммен бірге тұрған қыз шақырғанын білген. «Қыз таксиге отырмақ болған. Бірақ оның жанында тұрған ер адам оның шынтағынан ұстап алып, көлікке отыруына мүмкіндік бермеген. Таксист олардың арасында жанжал туындағанын біліп, араласқысы келген. Алайда сол кезде ер адам есікті ашып, балағат сөздер айтып, бұл оның әйелі екенін, ешқайда кетпейтінін айтқан. Ол: «Бұл менің мейрамханам, менің кім екенімді білесің бе?» деп айғайлаған. Таксист шыдай алмай, көліктен түспек болғанымен, гастробар күзетшісі оған араша түскен. Ол жүргізушінің кетіп қалуын өтініп, бұл жігіт олардың бастығы екенін, төбелес шығарудың қажеті жоқ екенін түсіндірген», — деп жазды Жанна Уразбахова.
Уразбахованың айтуынша, такси жүргізушісі кетіп қалған, болған жайт туралы әріптестерінің чатына хабарлаған. «Таңертең сағат 7-8 шамасында оған тағы да гастробардан қоңырау түскен. Бірақ 15 минут күткеннен кейін ол кетіп қалған. Ал бейнебақылау камераларынан оыс кезде не болып жатқанын біз білеміз. Сондықтан «Салтанат кетіп қалуы керек еді, өзі қалды» дейтіндер, біле жүріңіздер, ол кеткісі келген, бірақ кете алмаған. Бір жаққа қашып кетуге мүмкіндігі болмаған», — деп жазды Уразбахова.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен ұсталды. Алдын ала тыңдаудың бірінші күні прокурор Салтанат Нүкенова қаза болған күні не жағдай болғанын айтты.
Бишімбаев тағылған айып түсінікті екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. 27 наурызда Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісіне қатысты басты сот отырысы басталған болатын. Сонымен қатар сот тергеуі кезінде сот-медициналық сарапшы Тахир Халиманазаров сараптама қорытындысын оқып, Салтанаттың қалай көз жұмған болуы мүмкін екенін айтты.
Одан бөлек іске қатысты басқа да куәгерлерден жауап алынды. 6 мамырда сотта соңғы сөзін айтқан Қуандық Бишімбаев кінәлі екенін, десе де Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты. Сондай-ақ ол Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады. Соңғы сөзін айтқан Бақытжан Байжанов та марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Одан бөлек, Байжанов Салтанаттың жылы жүзді, шынайы адам болғанын айтып, кез келген жазаға мойынсұнатынын мәлімдеді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.